Танымал қаржы сарапшысы Айбар Олжай Magnum-ға қатысты халық көкейіндегі өзекті мәселені қозғап, пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның сөзінше, сенбіде Алматыдағы "Жетісу" ықшам ауданындағы іргелі Магнумға бас сұғып, гипермаркет сөресінен отандық өнімді таба алмаған.
"Бұл тарихтағы ең тұңғыш Магнум гипермаркеті. Осы дүкен жақсы табыс әкелгеннен кейін, Магнум сауда желісі ретінде одан әрі дамыған болатын. Сөрелерді он айналып, өзіміздің отандық майонезді таба алмадым. Іздегенім Алматыда өндірілетін "3 желание" майонезі болатын. Гипермаркет қызметкері қазіргі таңда қазақстандық майонездің сатылмайтындығын растады. Магнум Қазақстандық майонезді алып тастап, орнына Ресейдің "Макеев" майонезін толтырып тастаған. Бұған дейін де, жармалар мен сұйық май позицияларында Магнумның отандық емес, ресейлік тауарларды көбірек өткізуге тырысатындығын байқап жүрген болатынмын. Бірақ бұл жолғысы әбден шектен шықты. Магнум жекеменшік бизнес. Ол қазақстандық өнімді мүлде сатпай, сөрелерді Бразилияның бубузеласымен толтырып қойса да өз еркі. Бірақ ондайы бар болатын болса, мемлекеттен не үшін 0,01 пайызбен тегін ақша алып отыр деген сұрақ туындайды. Соңғы 5 жылда Магнум бір Алматының өзінен кемінде 13 миллиард теңге көмек алған. Ал басқа өңірлерді қоса алсақ, жоқ дегенде 17-18 миллиард теңге шығуы мүмкін", - дейді сарапшы.
Бұл ретте сарапшы Сауда министрлігі тарапынан үлкен логикалық қателік барын айтты.
"Олар Магнум сияқты ірі сауда желілеріне пайызсыз несие таратып отырғанда тек белгілі бір әлеуметтік азық-түлікке бағаны өсірмеу бойынша талап қояды. Бірақ "ол тауар отандық болуы тиіс" деген шарт жоқ. Сондықтан мысалы, "арзан сүт сат" деп талап қойып, мемлекеттік көмек берілгенде, Магнум ол ақшаны алып, Беларустың арзан сүтін сатып отыра алады. Ол біздің отандық тауар өндірушіні қолдау бойынша экономикалық логикамызға, осы салаға берілетін 8 триллион теңге инвестициямызға мүлде қайшы, қарама-қарсы шешім", - дейді ол.
Қаржы сарапшысының сөзінше, қазір Бәсекелістікті қорғау және дамыту агенттігі мен Магнум арасында біршама текетірес бар. Себебі Магнум тауар сатып пайда көрудің орнына, тауар өндірушілерге түрлі жарнамалық, сөредегі орындар бойынша тарифтер қойып, соған қосымша ақша төлеуге мәжбүрлеп, негізгі табысты содан алатын болған. Ал бұл қылығы отандық тауар өндірушілерге ауыр тиіп отырған көрінеді.
"Магнум басшылығы стратегиялық жағынан өте таяз ойлап отыр. Олар қазір әлдебір идеологиялық немесе қысқамерзімді келісімдер есебінен Ресей экономикасына көмектескісі келеді. Осындай шаруалары арқасында Қазақстанның Ресейден алатын азық-түлік импорты 2024 жылы 10 пайызға өсіп кетті. Қазір Ресейден 1,9 миллиард долларға азық-түлік аламыз. Енді осы 2 миллиардтық ақша каналы рубльдің теңгеге ықпалын қамтамасыз етеді де, ертең Ресейде міндетті түрде орын алатын инфляция бізге де әсер береді. Ал рубль құлап кететін болса, ол теңге бағамына қысым жасай бастайды", - дейді ол.
Оған қоса Магнум елдегі азық-түлік саудасының 8 пайыз үлесін алып отыр.
"Бұл - ең үлкен үлес. Оның отандық өндірушілерді қолдамауы, өнімдерін сөреден алып тастауы біздің өндірушілердің сату көлемін азайтып, жағдайын нашарлатады. Бұл тиісінше олардың қызметкерлерінің айлығының өспеуіне, жұмыс орындарының қысқаруына алып келеді. Тұрмысы нашарлап қалған адамдар Магнумнан тамақ алуын азайтады. Сонда Магнумның өзі отырған бұтақты өз қолымен кесіп жатқандығын айқын көреміз. Және ол бұл қылығымен Қазақстан экономикасының тұрақтылығы мен өсуіне қарсы жұмыс істеп жатыр", - дейді сарапшы.
Айбар Олжай бұл тұста екі ғана жол барын айтты.
"Не Магнумға мемлекеттен ақша бөлінбеу керек. Олар білгенін сатсын. Не Магнумға мемлекеттен ақша бөліну жалғасса, онда отандық азық-түлікті қандай жағдай болмасын сөреден алып тастауға тиым салу керек. Қазақстан - Орталық Азияның майонез державасы. Алматыдағы мақтаулы кәсіпорын "Еуразиан Фуд" қазақ майонезін Ауғанстаннан бастап Шығыс Еуропаға дейін сатып отырғанда, өзіміздің ең ірі сауда желісі отандық майонезді Ресейдің ешкім жемейтін Макеев маркасымен ауыстырғаны Magnum Cash & Carry басшысы Азамат Османовтың атына үлкен сын болды.
Осы аптада Үкіметтегі ең биік кабинеттен Магнумға ескерту сигналы келуі тиіс. Ал жұма күні Жетісудегі аңызға айналған гипермаркетіне тағы барып, қазақ майонезінің сөредегі тағдырын бір тексеремін. Магнум одан сабақ алмаса, мәселе Мәжіліс депутаттарына жететін болады", - деп түйіндеді ол сөзін.
Айта кетейік, бұған дейін де Magnum-ның басы дауға қалды. Әлеуметтік желілерде Magnum супермаркеттер желісінің курьері жұмыстан шығарылуы үлкен талқыға түсті. Бұл жағдай курьер клиенттен қазақ тілінде сөйлеуін сұрауынан кейін болды.
Клиент Асылхан есімді азаматтың айтуынша, ол Magnum-нан азық-түлікке тапсырыс берген кезде курьер одан қазақша сөйлеуді талап еткен. Кейін бұл оқиға әлеуметтік желіде жарияланып, нәтижесінде курьер жұмыстан қуылған еді. Десе де артынша екеуі татуласып, видео жариялады.
Клиент Асылхан есімді азаматтың айтуынша, ол Magnum-нан азық-түлікке тапсырыс берген кезде курьер одан қазақша сөйлеуді талап еткен. Кейін бұл оқиға әлеуметтік желіде жарияланып, нәтижесінде курьер жұмыстан қуылған еді. Десе де артынша екеуі татуласып, видео жариялады.