Magnum дауы: елді шулатқан екеу татуласып, жұрт алдына шықты

Сағыныш Сардарова 10 сәу. 2025 12:40 8440

Қоғамда біраз күннен бері қызу дауға айналған Magnum мәселесіне нүкте қойылды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Әлеуметтік желіде курьер мен тапсырыс берушінің видеосы тарады. Олар ортақ келісімге келгенін мәлімдеді.

"Соңғы күндері әлеуметтік желіде маған және Magnum-ға қатысты әңгіме болып жатыр. Сол туралы түсіндіріп кетсем деймін. Алдымен баршаңызға қолдау көрсетіп жатқандарыңыз үшін үлкен рақмет! Өмір болған соң түсініспеушіліктер болып тұрады. Бірақ бәріміз қазақпыз ғой. Елімізге тыныштық пен татулық керек. Біз кездесіп, татуласып, қол алыстық. Қазір Magnum-да жұмысымды жалғастырып жатырмын. Бәрі жақсы. Жұмыс берушіге ешқандай шағымым жоқ. Осымен мәселеге нүкте қойып, тоқтасақ деймін. Бәріміз бір қазақпыз", - дейді видеода курьер.

Асылхан есімді тапсырыс беруші де жағдай шешілгенін жеткізді.

"Қадірлі ағайын, мұндай жағдай болғаны өкінішті. Қатемізді түсіндік. Екеуміздің бір-бірімізге ешқандай өкпе-ренішіміз жоқ", - деді Асылхан Жанагизов.

Оқиға неден басталды?

Әлеуметтік желілерде Magnum супермаркеттер желісінің курьері жұмыстан шығарылуы үлкен талқыға түсті. Бұл жағдай курьер клиенттен қазақ тілінде сөйлеуін сұрауынан кейін болды.

Клиент Асылхан есімді азаматтың айтуынша, ол Magnum-нан азық-түлікке тапсырыс берген кезде, курьер одан қазақша сөйлеуді талап еткен. Кейін бұл оқиға әлеуметтік желіде жарияланып, нәтижесінде курьер жұмыстан қуылған.

Magnum компаниясы не деді?

Magnum компаниясы бұл жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасап, курьердің жұмыстан шығарылуы тек тіл мәселесіне байланысты емес екенін айтты. Олардың мәліметінше, курьер клиенттермен бірнеше рет дөрекі сөйлескен.

Компания барлық тұтынушыға бірдей құрметпен қарайтынын және қызмет көрсету мәдениетін жоғары бағалайтынын жеткізді.

Қоғамдық реакция және бойкот жариялау

Бұл жағдай қоғамда үлкен наразылық тудырды. Қазақстандықтар Magnum желісіне бойкот жариялайтынын мәлімдеді. Әлеуметтік желі қолданушылары компанияның әрекетін сынға алып, мемлекеттік тілге деген құрмет төмен екенін жазды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар