Әнші әрі продюсер Қыдырәлі Болманов кезінде өзі өнер көрсеткен "АБК" тобының алғашқы концертін ұйымдастыру барысында Заманбек Нұрқаділов пен Мақпал Жүнісованың қандай көмегі тигенін есіне алды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Мақпал ханымды алғаш рет халықаралық “Азия дауысы” конкурсында көрдім. Таныса келе, өзіне ғана тән, ашық-жарқын көңіліңді көтеретін ғажап күлкісі барын байқадым. Ал әнші ретінде – өз алдына бір мектеп! Адамгершілігі де сондай биік", – деп жазды ол.
Қыдырәлі Болмановтың айтуынша, "АБК" тобының алғашқы концертін ұйымдастыру кезінде концерт өткізуге зал табу қиындық тудырған. Дәл осы сәтте жолыққан Мақпал Жүнісова оған әкімнің қабылдауына кіруге көмектескен.
"Ол кезде Заманбек ағамыз (жаны жәннатта болсын!) Алматы қаласының әкімі еді. Демеуші керек кезең. Мән-жайды айтып, Заманбек ағаға кіруге көмектесуін өтіндім.
10 минут шамасында Мақпал ханым телефон шалып: "Бүгін, 16:20-да бар. Қабылдайтын болды" деді.
Алғысымды жаудырып жатырмын. Қуанышымда шек жоқ! Белгіленген уақытта әкімнің кабинетіне кірсем, ол телефонмен сөйлесіп отыр екен. "Қабылдаймын, міне өзі де келді" деп жымиып, бірден қолдау көрсететінін айтты. Осылайша, концерт өтті, зал лық толды", – деп еске алды Болманов.
Әнші сондай-ақ Мақпал Жүнісованың жанашырлығын ерекше атап өтті.
"Мені әкімге кіргізіп қана қоймай, кейін де хабарласып: "Келді ме? Қабылдадың ба?" – деп қайта сұраған екен. Осы ақ көңілін ешқашан ұмытпаймын", – дейді ол.