25 қыркүйекте сағат 08:45-те Орал қаласының әуежайына Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан батысқазақстандық әскери қызметшілер Жеңіс Темірғалиев, Өмірбек Өмірзақ және Ақжайық Ғилаждың сүйегі арнайы рейспен жеткізілді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қаза тапқан әскери қызметшілерді ақтық сапарға шығарып салу және жерлеу рәсімдері 26 қыркүйекте өтеді.
"Мемлекет басшысының тапсырмасымен қаза тапқандардың отбасыларына жергілікті атқарушы органдар тарапынан материалдық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, бұл іске бизнес өкілдері де атсалысады. Жерлеу рәсімдерін ұйымдастыру бойынша барлық шара қабылданып жатыр. Бұл жағдай облыс әкімінің тікелей бақылауында", - деді БҚО әкімінің баспасөз қызметі өкілі.
Еске салсақ, қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде болған. Суға кеткен 17 әскери қызметшінің 14-і қаза тапты, үшеуі құтқарылды.
Осыған байланысты 25 қыркүйек - Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Қайғылы оқиғаға қатысты 12 сараптама тағайындалды. Сонымен қатар, трагедияға байланысты күдіктілер анықталды.