Өзбекстандық блогер Илхомжон Йолчиев Маңғыстау облысындағы Тұзбайыр тұзды алқабы аумағында жол талғамайтын көлікпен жүргені үшін Қазақстанда айыппұл арқалады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ол сапарының видеосын Instagram желісінде өзі жариялаған. Кадрларда көліктің Бозжыра шатқалы маңындағы табиғи аймаққа кіріп, сол жерде қозғалғаны көрінеді.
Аталған видеоны полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында анықтаған. Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, блогер әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Оған «Абаттандыру қағидаларын бұзу» бабы бойынша хаттама толтырылып, 20 АЕК (86 500 теңге) көлемінде айыппұл салынды.
