Малайзияның үкімет басшысы Анвар Ибрагим 18-ден асқан барлық ел азаматтарына көмек ақша таратынын жариялап, жанар-жағармай бағасын түсіруге де уәде берді. Салық пен тарифтерді аямай көтеремін деп халық наразалығына ұшыраған мұндағы билік бүгіндері жан-жағына қарманып, тығырықтан шығар амалдар іздеуде, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Осы сенбіде Куала-Лумпурда үкіметтің отставкаға кетуін талап ететін митинг өтпек. Бұдан алдын ала хабардар үкімет сәрсенбіде 18 жастан асқан барлық Малайзия азаматтары 31 тамыздан бастап 100 ринггит (760 бат немесе 23,70 доллар/12 800 теңге) көлемінде бір реттік төлем ала бастайтынын мәлімдеді, деп жазады Bangkokpost.com.
Тікелей эфирде Анвар Ибрагим 2025 жылғы ақшалай көмектің жалпы сомасы 15 миллиард ринггитті құрайтынын, бұл сома алдында бөлінген 13 миллиардтан әлдеқайда көп екенін де баса атап өтті.
Анвар әкімшілігі биылғы жылы кірістер мен өнімділікті арттыру бойынша бірқатар шаралар қабылдады, соның ішінде ең төменгі жалақы көлемін арттыру, ірі тұтынушылар үшін электр энергиясының тарифтерін өсіру және сауда-саттық пен қызмет көрсету салығын да көбейту қамтылады. Премьер-министр бұл шаралар, негізінен, ірі бизнес пен ауқатты адамдарға бағытталғанын айтады, дегенмен сарапшылар қауымы бұл қымбатшылық тұтынушылардың, соның ішінде табысы төмен және орташа топтағы адамдардың мойнына қамыт болып ілінетінін ескертуде.