Мәжілістегі Үкімет сағаты: депутат өңірлер бюджетіндегі проблемалық тұстарды атап көрсетті

Кәмшат Тілеухан 02 мау. 2025 13:44

Мәжіліс вице-спикері Дания Еспаева республикалық бюджет ақшасының өңірлерге бөлудегі түйіткілді мәселелерді көтеріп, жаңа Бюджет кодексіндегі өзгерістерге тоқталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, Қазақстандағы 20 өңірдің 17-сі республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттерсіз күнін көре алмайды. Бұл мәселеге Үкімет баса назар аударып, күзге дейін өзгерістер енгізілген жаңа Бюджет кодексіне сай үш жылдық жоспар құрады. Содан кейін ол Мәжіліс қарауына келіп түседі. Ондағы жаңа жүйе қаншалықты тиімді немесе оның қандай томпақ тұстары бар, мұның барлығын Мәжіліс алдына ала анықтап, заң қабылданғанша оның жобасын әбден сүзгіден өткізуі тиіс.

"Елдегі бюджет бөлінісіндегі түйінді мәселенің бірі – өңірлердің басым көпшілігі әлі де орталықтан бөлінетін қомақты субвенцияға тәуелділігі. Мәселен, былтыр Алматы, Астана және Атырау облысынан республикалық бюджетке 470 млрд теңге түскен. Сондықтан оларды бюджет доноры қатарына жатқызуға болады. Ал өзге аймақтарға орталықтан, керісінше 5,3 трлн теңге субвенция түрінде ақша берілген. Бұл арадағы айырма 10 еседен асады", - деді Дания Еспаева.

Осы жағынан алғанда, бүткіл дерлік өңір орталыққа қарап, алақан жайып отыр. Иә, өңірлер табысы жылдан жылға артып келеді, бірақ сонымен қатар субвенция көлемі де өсуде. Мәселен,  10 жыл бұрын, яғни 2014 жылы республикалық бюджеттен өңірлерге 978 млрд теңге бөлінген болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 5,3 трлн теңгеге жеткен. Демек, өңірлер орталыққа тәуелді болып қала беруде, ал бюджет қаражатын тиімді пайдалану мәселесі әлі күнге дейін толық шешімін таппай отыр. 

Еспаева бұл түйткілдердің астарында есептеу әдістемесіндегі олқылықтар, не өңірлердің бюджет қаражатын көбірек алу мақсатында кірістерді әдейі төмендетіп көрсету әрекеті жатқан болуы мүмкін екенін де айтады. Себебі кейбір өңірлер бюджет кірістерін жоспарлауда шындықтан алшақ кетіп, нәтижесінде 40 пайызға дейін асыра орындаулар орын алған.

Өз кезегінде премьер-министрдің орынбасары - Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин орталық пен өңірлер арасындағы қаржылық тәуелділікті азайту бойынша нақты қадамдар жасалып жатқанын айтты.

Оның айтуынша, 2026 жылдан бастап республикалық бюджеттен өңірлерге жыл сайын тұрақты кіріс көздері есебінен қосымша 100 млрд теңге көлемінде қаржы беріледі. Сонымен бірге жаңа Бюджет кодексіне сәйкес жергілікті бюджеттердің тұрақты кіріс көздерін 40%-ға дейін ұлғайту жоспарлануда. Осылайша, аудандық бюджеттердің дербестігін арттыру мақсатында шағын және орта бизнестің корпоративті табыс салығы мен жеке табыс салығы аудан мен облыстық маңызы бар қала бюджеттеріне берілмек.

Жұманғариннің айтуынша, соңғы 6 жылда жергілікті бюджеттердің кірісі айтарлықтай өскен: 2019 жылы ол 2,5 трлн теңге болса, 2024 жылы 7,9 трлн теңгеге жетіп, үш еседен астамға артқан.

"Бұдан бөлек, төртінші деңгейдегі, яғни аудандық маңызы бар қала, ауыл, елдімекендер және ауылдық округ бюджеттеріне сыртқы (визуалды) жарнама орналастыру төлемдері сияқты 14 түрлі тұрақты кіріс көзі берілген. Тіпті, жаңа Салық кодексі жобасын талқылауда осы бюджеттік деңгейдегі негізгі кіріс көздерінің бірі – сыртқы жарнамадан түсетін 367 млн теңге кірістен айырылып қалу қаупі туындаған. Бірақ министрлік бұл кірісті сақтап қала алды", - деді Жұманғарин бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында.

Қорыта келгенде, өңірлердің қаржылық дербестігін арттыру мәселесі мемлекеттік деңгейде түпкілікті шешімін таппағанымен, орталықтан жергілікті жерлерге кірістерді көбірек беру, бюджеттік жоспарлауды жақсарту сияқты нақты қадамдар жасалуда. Дегенмен өңірлердің әлі де орталыққа тәуелділігі 49% шамасында қалып отыр. Демек, жаңа Бюджет кодексі осы көрсеткішті төмендетіп, өңірлердің қаржылық мүмкіндігін кеңейтуге бағытталмақ.

Бұған дейін "Ауыл - ел бесігі" сынды өңірлерді қолдаушы бірқатар мембағдарламаларды жабу жоспарланып отырғанын жазғанбыз.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар