"Ауыл - ел бесігі" сынды бірқатар мембағдарламаларды жабу жоспарланып отыр

Кәмшат Тілеухан 02 мау. 2025 12:58

"Ауыл - ел бесігі" және "Қала маңындағы елдімекендерді дамыту" мемлекеттік бағдарламаларын жабу жоспарланып отыр. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бүгін Мәжілістегі Үкімет сағаты барысында айтты,  деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ол өз баяндамасында алдағы үш жылға арналған трансферттерді қалыптастырудың негізгі қағидаттарына тоқталды. Оның айтуынша, бұл арадағы негізгі міндет - өңірлердің бюджетпен теңдей қамту мақсатында теңгерім жүргізу, базалық инфрақұрылымға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету және алшақтықтың алдын алу.

"Біз "Ауыл - ел бесігі" және "Қала маңындағы елдімекендерді дамыту", шағын және моноқалаларда бюджет есебінен инвестициялық жобаларды іске асыру сияқты түрлі бағдарламалар шеңберінде іс-шараларды жекелей қаржыландыру тәсілінен аяғымызды тартамыз.  Біз бұл бағдарламаларды жоямыз. Республикалық бюджеттен жалпыұлттық маңызы бар объектілер мен сыни инфрақұрылымдар қаржыландырылатын болады",-деді Премьер министрдің орынбасары-Ұлттық экономика министрі.

Ол мұның жоғары әлеуметтік-экономикалық нәтиже беретін қымбат жобалар болатынын жеткізді. Ал халықтың тіршілігін қамтамасыз ету үшін бірінші қажеттіліктегі объектілер жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын болады.

"Соңғы жылдары жергілікті деңгейде салықтардың жоғары қарқынмен жиналуы осы тәсілдерді іске асыруға, республикалық бюджетке түсетін салмақты азайтуға мүмкіндік беруде. Сонымен қатар, жергілікті бюджеттерге қосымша функцияларды, нысаналы трансферттерді берілетінін ескерсек, бұл ретте үлкен үнем жасау мүмкін екенін  түсінеміз", - деп сөзін толықтырды Жұманғарин.

Ол Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың алдында жергілікті бюджеттердің параметрлерін сапалы бағамдап, болжау міндеті тұрғанын да баса айтты.  

"Ауыл  ел бесігі" бағдарламасы 2019 жылы Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен іске қосылған. Ол ауылдық жерлерде инфрақұрылымдарды дамытуға бағытталған. Өңірлерді дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама 2014 жылы қабылданды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар