Марқұм әнші Мәдина Ералиеваның ұлы Арсен Ералиев анасының қайтыс болғаны туралы қаралы хабарды қалай естігенін еске алды. Ол бұл жайында "Астарлы ақиқат" бағдарламасында баяндады, деп хабарлайды dalanews.kz.
"Қазақтың Ақбаяны" атанған белгілі әнші тірі болғанда биыл 70 жасқа толар еді. Бағдарлама барысында өнер иесінің өмірі мен шығармашылық жолы еске алынды. Арсен Ералиевтің айтуынша, анасының өмірден өткені туралы суыт хабарды оған Қазақстанның халық әртісі Нағима Есқалиева мен Мәдина Ералиеваның жақын достары жеткізген.
"2000 жылдың қараша айы әлі күнге дейін есімде. Нағима Есқалиева мен анамның достары Салман мен Алексей келіп, анамның өлімін естіртті. Басында сенбедім. Өң мен түс арасында жүргендей болдым. Үйге адамдар жинала бастады. Бүкіл әншілер, туысқандар келе бастады. Сосын біз Қызылорданың Байқоңыр өңіріне чартерлік рейспен ұшып кеттік. Анамды сол жерден денесін өзім алып келдім. Әлі күнге дейін анамның күшін сеземін. Ол мені әрдайым желеп-жебеп жүреді. Уақыт өткен сайын сағына беремін", – деді Арсен Ералиев.
Бағдарламада әншінің сіңлісі Сағира Ералиева да әпкесі туралы естеліктерімен бөлісті. Оның сөзінше, Мәдина Ералиева өмірінің соңғы уақыттарында кейбір дүниелерді алдын ала сезгендей, жақындарына аманат айтып жүрген.
"Мәдинаның бір қасиеті үйге келгенде бір шыны аяқ шай ғана ішетін. Соңғы келгенде Оралмен әңгіме айтып, дастархан басында ұзақ отырды. Сосын "Мамамыздың фотосы қайда?" деді. Мен оны өзінің алып кеткенін айттым. "Өлген адамдардың фотосын сақтап қою керек екен. Жерге тастамашы" деді. Сол кезде-ақ маған өзінің фотоларын табыстаған екен. Одан кейін Құран кітабын сыйлап, мешітке жиі баруымды өтінді. "Мешіттен келе жатырмын" десем, қатты қуанатын. Артынан Құран оқитын адамды дайындаған болып тұр. Арсенге біреу қатты дауыс көтерсе, ренжіп қалатын. Соңғы сапары Қызылорда өңіріне жолға шығайын деп тұрғанда, көмекшісі бола тұра, "Мен үйден күтші" деді. Бұрын олай айтпайтын. Бірақ мен бармай қалдым. Өлімін өз үйімде отырып естідім", – деді Сағира Ералиева.