Киногерлер “Қазақфильмнің” жағдайына алаңдап, ашық үндеу жариялады

Қаракөз Амантай 22 мам. 2025 18:49

Қазақстан кинематографистер одағы ұлттық киноөндірістің қазіргі ахуалына алаңдаушылық білдіріп, билікке арнайы үндеу жолдады. Әсіресе Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясындағы жағдайға қатысты қынжылыс білдірілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ұйымда айтылғандай, кино саласындағы жүйелі проблемалардың түп-төркіні – Мәдениет және ақпарат министрлігінің салғырттығында жатыр.

"Соңғы жылдары Мәдениет және ақпарат министрлігінің бейжайлығы мен ар-ұяттан жұрдай басшылардың кесірінен киностудия ұжымы түрлі қысым мен моральдық зорлыққа ұшырады. Ал "Қазақфильм" – бүгінде киноқоғамдастық арасында ашық талқыланып жүрген, толастамайтын дау-дамай мен наразылықтың ордасына айналды", – деді Қазақстан кинематографистер одағының төрағасы Адай Әбелдинов.

Сынның астында әсіресе студия президентінің міндетін атқарушы Айдар Омаров қалды. Оған мемлекеттік тілді елемеу, кәсіби біліктіліктің төмендігі және шығармашылық ортаның іргесін шайқату секілді айыптар тағылып отыр.

Авторлардың айтуынша, студияда қызметкерлерге қысым көрсету, шығармашылық процестерге кедергі келтіру және өндірістік әлеуеттің жойылуы белең алған. Сонымен қатар киногерлер Мәдениет министрі Аида Балаеваны бұл мәселелерге көз жұма қарап, кәсіби қауымдастықпен байланыс орнатудан бас тартты деп айыптады.

"Осындай жауапсыздықтың салдарынан кино саласында жемқорлық өршіп, мемлекет бөлген миллиардтаған қаржы мақсатсыз жұмсалуда. Тәртіп орнатуды талап еткен кәсіби және адал кинематографистер арсыз әрі қатыгез басшылар тарапынан қудалауға ұшырап, "Қазақфильмнен" ығыстырылып жатыр", – делінген үндеуде.

Кинематографистер билік өкілдерімен тікелей кездесу өткізуді талап етіп, "Қазақфильм" студиясына арнайы сапар ұйымдастырып, ондағы нақты жағдаймен танысуды ұсынды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар