ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Үкіметте 2025 жылғы 15 шілдеде өткен баспасөз мәслихатында ұлттық валютаның ықтимал девальвациясына қатысты өзіне қойылған сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Күзде 1 АҚШ долларының құны 600 теңге болуы мүмкін. Кейбір сарапшылар осындай болжам жасап жүр. Бұған қатысты Сіздің ойыңыз қандай, жалпы Үкімет 2026 жылға арналған бюджетті қалыптастыру кезінде валюта бағамы мен жалпы мұнай бағасына қатысты қандай цифрларға сүйенеді". Бүгін, 2025 жылы 15 шілдеде өткен Үкімет отырысынан кейін өткен брифинг барысында журналистердің бірі Үкімет басшысына осындай сұрақ қойды.
Олжас Бектенов Қазақстанда доллар бағамы нарықтық факторлар негізінде қалыптасатынын, оған Ұлттық Банк араласпайтынын еске салды.
"Бүгінгі таңда біздің және көптеген сарапшылардың бағалауы бойынша теңге бағамының күрт әлсіреуін танытатын алғышарттар білінбейді. Сондықтан алда девальвация болып, ұлттық валюта бағамы күрт әлсірейді деп күтілмейді", - деді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, бюджетті қалыптастыру кезінде үкімет мұнайдың бір баррелінің бағасы 60 доллар болғанда 1 АҚШ доларының құны 540 теңгеге болады деген базалық сценарийді негізге алады.
"Бұл - негізгі сценарий. Пессимистік сценарий деген де бар, егер кенеттен мұнай бағасы 50 баррельге дейін төмендесе, онда басқа тетіктер қарастырылады. Бірақ біз негізгі сценарий бүгінгі таңда шынайы қалыпқа ие деп санаймыз", - деп атап өтті Бектенов.
Бұған дейін Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов теңгенің әлсіреуіне не себеп болғанын айтып берген еді.