Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов Үкімет отырысында теңгенің айырбастау бағамының динамикасы туралы баяндады. Ол жыл басынан бері теңгенің бағамы бір доллар үшін 519,73 теңгеге дейін, яғни 1%-ға нығайғанын жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сыртқы факторлар бойынша әлемдік сауда соғыстарына байланысты нарықтағы құбылмалылық және Ресей рублінің нығаюы байқалады. Сонымен қатар, мұнай бағасы шамамен бір баррель үшін 70 доллар деңгейінде қалыптасты.
Ішкі факторлар бойынша жылдың алғашқы айларында ұлттық валютаны қолдауға импорттық сатып алудың қысқаруы мен экспорттаушылардың салық төлемдері есебінен валюта ұсынысының ұлғаюы әсер етті.
Сонымен бірге, өткен айдың екінші жартысынан бері валюта нарығында сұраныстың артуына байланысты теңгенің айырбастау бағамының маусымдық өзгерісі байқалады. Оған халық арасында демалыс кезеңінің басталуы, бюджеттік бағдарламалар мен мемлекеттік сатып алуды белсенді іске асыруға байланысты заңды тұлғалар жағынан долларға деген сұранысының өсуі негізгі факторы болды. Десе де, бұл өзгерістер қысқа мерзімді және бірқалыпты сипатқа ие.
«Жалпы сыртқы орта қалыпты. Ал ішкі факторлар маусымдық сипатқа ие. Бұл жағдайда айырбастау бағамының айтарлықтай өзгеруі үшін негіз жоқ. Ұлттық Банк теңгерімсіздіктің жинақталуын болдырмайтын икемді бағам белгілеу режимін ұстануды жалғастырады»,
— деді Тимур Сүлейменов.
Жалпы халықаралық резервтер жыл басынан бері 7,4%-ға өсті - ҚР ҰБ
Жалпы халықаралық резервтер жыл басынан бері 7,4%-ке өсіп, маусым айының соңында 112,3 млрд доллар болды. Бұл туралы Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов Үкімет отырысында хабарлады.
Ол Ұлттық Банктің алтын-валюта резервтері жыл басынан бері 52 млрд долларға дейін яғни 13,5%-ке ұлғайғанын атап өтті.
Ұлттық қордың активтері жыл басынан 2,6%-ке ұлғайып, 60,3 млрд долларды құрады.
«Ұлттық қорға түсетін түсімдер жыл басынан 1,8 трлн теңге, ал Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферт көлемі 3,1 трлн теңге болды. Ұлттық қордың 6 айдағы инвестициялық табысы 7,8% немесе 4,7 млрд доллар құрағанын атап өту қажет»,— деді Тимур Сүлейменов.
Қазақстанда қаржы заңнамасына реформа жасалмақ
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл Қазақстанда қаржы заңнамасын реформалаудың үлкен пакеті дайындалуда. Бұл туралы ҚР Ұлттық Банкінің Төрағасы Тимур Сүлейменов Үкімет отырысында мәлімдеді.
Ол Ұлттық Банк макроэкономикалық және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды жалғастыра беретінін атап өтті.
Инфляцияның өсу тәуекелін азайту үшін республикада дезинфляциялық саясат жүргізілмек. Ақша-кредит саясаты құралдарынан бөлек қосымша шаралар қабылданады.
- Алтын сатып алу шеңберінде валюталық операцияларды теңдестіру жалғаспақ.
- Жеке тұлғалардың несиелері бойынша контрциклдік капитал буферін енгізу туралы шешім қабылданды.
- Банктер үшін міндетті резервтердің ең төменгі талаптарын арттыру жұмысы пысықталуда.
- Активтерді басқару аясында Ұлттық қор мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының портфелінде жоғары кірістілікке ие активтердің үлесін ұлғайту көзделіп отыр.
- Қаржы секторының цифрлық трансформациясы жалғасады. Цифрлық теңгені масштабтау жұмыстары жүргізіледі. Бұл цифрлық теңгені мемлекеттік қаржының жаңа бағыттарында енгізу мүмкіндіктерін пысықтауды қамтитын болады.
- Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздің қаржы заңнамасы бойынша ауқымды реформалар топтамасы әзірленуде. Бұл топтамада банктер, төлемдер, бағалы қағаздар нарығын дамыту және басқа да мәселелер қамтылған. Оған қоса Цифрлық қаржы активтерін реттеуді және Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын енгізу жоспарлануда. Төлем нарығын одан әрі дамытуды жалғастырамыз. Аталған шаралар қаржы секторының экономиканы дамытуға және азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға қосып жатқан үлесін арттырады, оның дәстүрлі секторларына да, жаңа салаларға да серпін береді.