Кулуарсыз Құрылтай: “Әділ сөз” қорының заңгері жаңа тәртіпке қатысты пікір білдірді

Кулуарсыз Құрылтай: “Әділ сөз” қорының заңгері жаңа тәртіпке қатысты пікір білдірді
Фото: Dalanews.kz, Time.kz

Құрылтай ғимаратында БАҚ өкілдерінің депутаттармен жұмыс істеу тәртібі өзгерді. Бұдан былай журналистер халық қалаулыларына сауалдарын кулуарда емес, тек арнайы баспасөз орталығында қоя алады. Бұл шешім қаншалықты орынды? “Әділ сөз” халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының заңгері Сергей Уткин аталған мәселеге қатысты Dalanews.kz редакциясына пікір білдірді.

Оның айтуынша, алдымен Құрылтайды кулуарсыз өткізу туралы шешімнің қандай негізде қабылданғанын анықтау керек.

“Масс-медиа туралы” заңның 26-бабына сәйкес, журналистер аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық нысандарға барған кезде сол жерде белгіленген өткізу және ішкі тәртіп талаптарын сақтауға міндетті. Сондықтан журналистер Құрылтай өтетін нысанның ішкі тәртіп ережелерін сұратуы керек. Журналистер үшін тиісті шектеулер дәл осы қағидаларда көзделуі мүмкін. Егер кулуар өткізуге тыйым салу және журналистердің оған қатысуын шектеу ережелерде немесе басқа заңды негізде көзделмесе, мұндай шешімнің заңдылығына қатысты сұрақ туындайды”, – деді Сергей Уткин.

Заңгердің айтуынша, Құрылтайды кулуарсыз өткізуге қандай заң немесе ереже негіз болғанын ұйымдастырушылар ресми түрде түсіндіруі тиіс.

“Құрылтай ұйымдастырушыларынан іс-шараны кулуарсыз өткізу туралы шешімнің құқықтық негізін сұратуды ұсынамыз”, - деді ол. 

Бұған дейін 

Айта кетейік, бұған дейін Құрылтай ғимаратында журналистер үшін дәстүрлі кулуар ұйымдастырылмайтыны хабарланған еді.

Жаңа ережеге сәйкес, заң шығарушы орган ғимаратындағы дәстүрлі кулуарлық сұхбаттар өткізілмейді.

Кулуарлар журналистер үшін маңызды құралдардың бірі саналады. Өйткені олар депутаттармен ресми форматтан тыс тікелей сөйлесуге мүмкіндік береді. БАҚ өкілдері отырыс басталар алдында немесе аяқталғаннан кейін депутаттарға жедел сұрақ қойып, айтылған пікірлерді нақтылап, ресми күн тәртібіне енбеген мәселелер бойынша көзқарасын біле алады.

Сондай-ақ дәл кулуарларда қоғамда қызу талқыланып жатқан өзекті әрі күрделі тақырыптарға қатысты пікірлер жиі айтылатын. Мұндай формат депутаттар мен журналистер арасындағы жедел байланысты қамтамасыз етіп, қоғамды толғандырған мәселелер бойынша қосымша ақпарат алуға мүмкіндік беретін.

Енді депутаттармен сұхбаттасу және сұрақ қою жұмыстары тек Құрылтайдың баспасөз орталығында ұйымдастырылатын болады. Жаңа тәртіптің журналистердің ақпарат алу мүмкіндігіне қалай әсер ететіні әзірге белгісіз.