“Күдіктілер 6 жылға ғана сотталуы мүмкін”. Жан Ахмадиев Шерзат ісі жайлы

Қаракөз Амантай 01 сәу. 2025 09:39 10955

Қоғам белсендісі, блогер Жан Ахмадиев Шерзат Болаттың өліміне қатысты қозғалған қылмыстық іске күмәнмен қарайтынын жеткізді. Айтуынша, барлық күдіктіге ауыр қылмыс бойынша айып тағылмаған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Соттың әділ өтетініне жартылай сенімдімін. Өйткені біз әділет жоқ “Әділетті Қазақстанда” өмір сүріп келеміз. Мен кеше өзімнің инстаграм парақшамда айтқандай, бұл істе 13 адам емес, 9 адам күдікті ретінде танылған. 2 қыз жоқ. Сол 9 адамның екеуіне ғана ауыр қылмыс бойынша айып тағылып отыр. Бірі – Қылмыстық кодекстің 99-бабы (кісі өлтіру) бойынша, екіншісі – қылмыс жасауды жоспарлау бабы бойынша күдікті. Ал қалған алтауына бұзақылық бабы бойынша (6 жылға дейін бас бостандығынан айыру) жаза қарастырылған болуы мүмкін. Тағы бір күдікті кәмелет жасына толмаған. Оған қылмыс туралы хабарламағаны үшін айып тағылып отыр. Бұл бап бойынша оған айыппұл салынуы мүмкін немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы ықтимал”, — деді ол.

Белсендінің айтуынша, бастапқыда аталған іс бойынша барлық күдікті адам өлтіру бабымен жауапқа тартылуы мүмкін деп болжаған.

“Өкінішке қарай, тергеу нәтижесі біз ойлағандай болмады”, — деп қосты ол.

Алғашқы сот отырысы 10 сәуірде өтеді

Айта кетейік, күні кеше Шерзат Болаттың ісі бойынша алғашқы сот отырысы 10 сәуірде өтетіні белгілі болды. Бұл туралы адвокат Мейірман Шекеев мәлімдеді. Оның айтуынша, іс Талдықорған қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралады. Себебі күдіктілердің көпшілігі қазіргі уақытта осы қаладағы уақытша ұстау изоляторында отыр.

Оқиға орнында болған екі қыз қайда?

Адвокат қоғамда қызу талқыланған маңызды сұрақтардың біріне де жауап берді.

“Халықты алаңдатып отырған басты мәселелердің бірі – оқиға орнында болған екі қыздың тағдыры. Олар әлеуметтік желілерде күдікті ретінде көрсетілгенімен, іс материалдарына сәйкес, тек куәгер ретінде жауап берді”, — деді қорғаушы.

Мейірман Шекеевтің айтуынша, қылмыстық іс бойынша 9 адам күдікті ретінде танылған. Олардың біреуі – кәмелет жасына толмаған. Оған Қылмыстық кодекстің 434-бабы (қылмыс туралы хабарламау) бойынша айып тағылған. Ал жәбірленушілер саны – алты. Олардың екеуі – Шерзат Болат пен Нұрқанат.

Еске салайық, бұған дейін Талғардағы жанжал кезінде көз жұмған Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов ұлының өліміне қатысты күдіктілерге қосымша айып тағу туралы арыз дайындап жатқанын хабарлаған еді. Жаңадан іске қосылған адвокаттың айтуынша, бұл талап арыз сотталушылардың мерзімінен бұрын босап кетпеуі үшін әзірленіп жатыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар