Қазақстан Президенті Үкіметтің кеңейтілген отырысында елдің көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту бағытындағы маңызды міндеттерді белгілеп, Транскаспий бағытының әлеуетін арттыру үшін бірқатар стратегиялық жобаларды жүзеге асыру қажеттігін айтты.
«Мойынты – Қызылжар» бағытында жаңа темір жол құрылысын бастауды тапсырамын. Сондай-ақ Қызылжар бекетінен Ақтау портына дейінгі күре жолдың қозғалысы аса көп учаскелерін жаңғырту керек. «Алтынкөл – Жетіген» темір жолын да кеңейту қажет. Бұл Қытай мен Орталық Азия арасындағы көлік дәлізінің әлеуетін едәуір арттырады. Бұдан бөлек, темір жол тасымалын цифрландыру жобаларын уақтылы аяқтау маңызды. Мультимодальды көлік тораптарын дамытуға баса мән берген жөн. Сол арқылы тасымалдың барлық түрін өзара кіріктіруге мүмкіндік туады. Биыл және келесі жылы осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуға тиіс»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, жаһандық электронды сауда-саттықтың қарқынды дамуы Қазақстанға жаңа экономикалық мүмкіндіктер ұсынады. Сондықтан елде озық логистика жүйесін құру – стратегиялық міндет. Автокөлік тасымалына арналған «жасыл дәліздің» тиімділігін арттыру, жоспарланған жолдарды уақытылы салу және жөндеу жұмыстарын аяқтау қажет.
«Заманауи технологияларды енгізбейінше, логистиканы табысты дамыту мүмкін емес. Сондықтан қоймаларды автоматтандыру, маршруттарды цифрландыру, көлік ағынын басқару ісінде жасанды интеллектіні қолдану Үкімет жұмысының басым бағыттары болуға тиіс»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстанның көлік-логистика саласының болашағы, жаңа мүмкіндіктер мен даму жолдары, транзиттік әлеуетті арттырудың жаңа трендтері, «жасыл дәлізден» цифрлық тасымалға дейінгі стратегиялар, электронды сауда, мультимодальды тораптар және инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша Сәтбаев университеті М.Тынышбаев атындағы Көлік инженериясы және логистика мектебінің басшысы, техника ғылымдарының докторы, профессор Сейдулла Абдуллаевпен сұхбаттасқан едік.
–Сейдулла Сейдеметұлы, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қазақстанның транзиттік әлеуетін толықтай пайдалану қажеттігін айтты. Осы бағытта «Мойынты – Қызылжар» және «Алтынкөл – Жетіген» темір жолдарын дамыту жобалары Қазақстанның халықаралық транзиттік дәліздеріндегі рөлін күшейте алады ма және оларды дамыту еліміздің көлік-логистика саласына қандай өзгерістер әкелуі мүмкін?
–Президенттің Қазақстанның транзиттік әлеуетін толықтай пайдалану қажеттігі туралы айтқаны өте маңызды, себебі бұл елдің экономикалық дамуына айтарлықтай әсер етеді. «Мойынты – Қызылжар» және «Алтынкөл – Жетіген» теміржолдарын дамыту Қазақстанның халықаралық транзиттік дәліздеріндегі рөлін шынымен күшейтуі мүмкін. Осы жобалар жүзеге асса, елдің көлік-логистика саласында бірнеше маңызды өзгерістер болуы ықтимал. Қазақстанның транзиттік инфрақұрылымын жаңарып, теміржол арқылы жүк тасымалдау көлемі артады. Мәселен, «Мойынты – Қызылжар» жобасы Қытай мен Еуропа арасындағы маңызды көлік дәлізі ретінде жүктердің қозғалысын оңтайландырып, тасымалдау уақытын қысқартады. Бұл, өз кезегінде, халықаралық логистикалық компаниялар үшін Қазақстанның тартымдылығын арттырады және транзиттік трафиктің өсуіне жол ашады. Сонымен қатар, жобалардың бірігіп жүзеге асуы Қазақстанды «Бір белдеу, бір жол» және Транскаспий халықаралық көлік бағыты (TMTM) сияқты әлемдік көлік дәліздеріне байланыстырады. «Алтынкөл – Жетіген» теміржолы, Қорғас арқылы Қытаймен байланыс орнатып, Орталық Азия, Ресей және Еуропа нарықтарына қосымша транзит жолдарын ашады. Сол арқылы елдің халықаралық саудадағы маңызы күшейеді. Бұдан өзге теміржол инфрақұрылымын дамыту арқылы өңірлерге инвестициялар ағынын тартуға болады. Жобалар жаңа жұмыс орындарын құрып, көлік қатынасын жақсарту арқылы өңірлік экономиканың дамуына ықпал етеді. Бұл өз кезегінде, Қазақстанның ішкі экономикасын нығайтуға және халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға септігін тигізеді. Сонымен қатар, еліміздің халықаралық транзиттік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі артады. Қазақстан Еуразиядағы ең ірі хаб ретінде танылып, сыртқы сауда мен логистика дамиды.Транзит көлемінің ұлғаюы жүктерді тасымалдау тиімділігін арттырып, логистикалық процестерді оңтайландырады. Осы өзгерістердің нәтижесінде, тасымалдау шығындары төмендеп, логистикалық хабтар мен қойма инфрақұрылымын дамытуға инвестициялар ағыны артады.
Жалпы бүгінде көлік және логистика – экономиканың технологиялық дамыған салаларының бірі. Қазір цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект жүктер, тауарлар мен адамдарды тасымалдаудың маңызды бөлігіне айналып отыр. Көршілермен жіксіз көлік жүйесін қалыптастыру және бүкіл жүйені әлемдік көшбасшылар деңгейіне көтеру үшін ғылыми тәсілдер мен жүйелі өзгерістер қажет. Білікті кадр даярлау және сала проблемаларын анықтап, оларды шешу жолдарын іздеу үшін ғалымдарды тарту маңызды. Осы ретте Satbayev University көлік-логистика саласында жоғары білікті мамандар даярлап, мемлекеттік және жеке компаниялармен, ғалымдармен бірлесе жұмыс істеп келеді. Біздің мақсатымыз – Қазақстан экономикасының көлік-коммуникациялық секторына жаңа көшбасшыларды даярлау.
–Қазақстанның көлік-логистика инфрақұрылымын дамытудың негізгі бағыттарын атап өтсеңіз. Қазіргі халықаралық нарықтың талаптарына сай инфрақұрылымды дамыту үшін қандай нақты қадамдар жасау керек?
–Қазақстанның көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамытудың негізгі бағыттары оның Еуропа мен Азия арасындағы негізгі сауда жолдарының қиылысындағы стратегиялық жағдайымен айқындалады. Қазіргі халықаралық нарықтың талаптарына жауап беру үшін келесі бағыттар мен қадамдарға назар аудару қажет:
- Транзиттік әлеуетті нығайту
Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамыту үшін ең алдымен «Бір белдеу, бір жол» бастамасы шеңберінде Транскаспий халықаралық көлік маршруттарын (TMTM) дамыту қажет. Бұл халықаралық көлік дәлізі Қазақстан арқылы Қытай мен Еуропа арасында жүк тасымалдауды жеңілдетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, теміржол, автомобиль және әуе тасымалдарын біріктіретін мультимодальды логистикалық хабтар құру арқылы көлік ағындарын тиімді басқаруға қол жеткізу жоспарлануда.
- Көлік инфрақұрылымын жаңғырту
Көлік инфрақұрылымын жаңғырту – еліміздің көлік секторын дамытудағы маңызды бағыттардың бірі. Бұл бағытта теміржол, автомобиль жолдары, порттар, терминалдар мен әуежайларды салу және қайта құру жұмыстары қолға алынды. Сонымен қатар, заманауи технологиялар мен автоматтандыру жүйелерін енгізу арқылы тасымалдау тиімділігін арттыру көзделген. Жүк ағындарын басқару жүйелерін жаңғырту, сондай-ақ көлік операцияларын цифрландыру саласында да ауқымды шаралар жоспарланып отыр.
- Жаһандық көлік жүйелеріне интеграция
Қазақстанның көлік инфрақұрылымын көрші елдермен байланыстыруды нығайту арқылы халықаралық транзиттік дәліздердің тиімділігін арттыру маңызды. Бұл, әсіресе, Қытай, Ресей, Орталық Азия елдері мен Еуропамен бірлескен логистикалық жобаларды дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, көлік жүйелерінің интеграциясы Қазақстанның халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
- 4. Экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету
Көлік саласында экологиялық таза технологияларды дамыту да басты міндеттердің бірі. Қазақстан электрлі теміржол көлігін дамыту арқылы экологиялық тиімділікті арттыруды мақсат етеді. Сондай-ақ, көлік саласындағы көміртегі ізін азайтуға бағытталған шаралар қабылданып, баламалы энергетика көздері пайдаланылатын болады. Экологиялық таза көлік құралдарын енгізу ынталандырылады, бұл елдің көлік саласын тұрақты әрі экологиялық таза етуге ықпал етеді.
- Көлік-логистикалық жүйені цифрландыру
Көлік және логистика саласын цифрландыру Қазақстан үшін көлік ағындарын тиімді басқаруға, транзиттік операцияларды бақылауға және басқаруды жеңілдетуге мүмкіндік береді. Нақты уақыт режимінде жүк ағындарын басқару платформаларын енгізу және транзиттік операцияларды бақылайтын бірыңғай цифрлық деректер базасын құру жоспарлануда.
Нақты қадамдар мен жобалар
Инфрақұрылымға инвестициялар тарту – ірі жобаларды қаржыландыру үшін халықаралық инвесторларды тарту және салықтық жеңілдіктер мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру көзделуде.
Негізгі көлік жобаларын дамыту – «Мойынты – Қызылжар», «Алтынкөл – Жетіген» сияқты маңызды теміржол маршруттарының құрылысы мен жаңғыртылуы аяқталады. Сонымен қатар, Ақтау мен Құрық порттарын дамыту арқылы Каспий теңізіндегі жүк айналымын арттыру жоспарланған.
Кадрларды оқыту – халықаралық стандарттарға сәйкес көлік логистикасы саласында мамандарды даярлау және инновацияларды енгізу үшін ғылыми орталықтар құру көзделуде.
Шекарадағы кедергілерді азайту – кедендік ресімдеу рәсімдерін оңайлату және транзиттік дәліздерде халықаралық тасымалдарға бірыңғай тарифтер мен ережелер енгізу шаралары іске асырылатын болады.
Сонымен қатар, көлік және ілеспе инфрақұрылымға инвестициялар ағыны мен экспорттың өсуі күтілуде. Бұл өз кезегінде Қазақстанның өңірлік дамуына және экономикалық өркендеуіне оң ықпал етеді.
– Президент Үкіметке темір жол тасымалын цифрландыру жобаларын аяқтау туралы тапсырма берді. Қазіргі таңда логистика саласында цифрландыру қалай жүзеге асырылып жатыр? Бұл өзгерістер көлік жүйесінің тиімділігіне, жүк тасымалының жылдамдығы мен қауіпсіздігіне қалай әсер етеді?
–Қазақстанда темір жол тасымалын цифрландыру- бұл елдің көлік-логистикалық жүйесін жаңғыртудың негізгі қадамы, оның халықаралық транзиттік дәліздерде бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Ең алдымен, автожол және теміржол салаларындағы инфрақұрылымдық шектеулерді алып тастауға назар аудару қажет. Атап айтқанда, Достық және Алтынкөл шекаралық станцияларында пойыздардың "өтпелі" қозғалысын қамтамасыз ету үшін бірқатар құрылымдық іс-шаралар жүргізу қажет.
Қазіргі уақытта Қазақстанда цифрландыру бағытында маңызды қадамдар жасалған. Жүктерді ресімдеуді жеңілдететін электрондық тасымалдау құжаттары (ЭҚЖ) жүйесі енгізіліп, пойыздардың қозғалысын жоспарлау мен жүк ағындарын басқару процестері автоматтандырылған. Сонымен қатар, нақты уақыттағы жылжымалы құрамды бақылау үшін GPS/GLONASS технологиялары енгізілді. Электрондық кедендік рәсімдер ішінара енгізіліп, Қазақстан арқылы транзитті оңайлату үшін цифрлық жүйелер дамытылуда.Бірақ цифрландыру процесінде кейбір қиындықтар да бар. Біріншіден, сандық жүйелердің фрагменттілігі байқалады, яғни әртүрлі платформалар арасында жеткіліксіз интеграция бар. Екіншіден, маршруттарды болжау және оңтайландыру үшін жасанды интеллект пен деректерді талдауды қолдану деңгейі әлі төмен. Үшіншіден, шағын және орта бизнестің цифрлық шешімдерге қолжетімділігі жоғары шығындармен шектелген.
Қазақстанның көлік жүйесінің тиімділігін арттыру үшін барлық процестің қатысушыларын (жүк жөнелтушілерді, логистикалық компанияларды, кеден қызметтерін) біріктіретін бірыңғай платформаны әзірлеу қажет. Сонымен қатар, көрші елдермен цифрлық жүйелерді біріктіру, жүктердің үздіксіз транзитін қамтамасыз ету үшін маңызды қадам болады.
Жасанды интеллект арқылы тасымалдауға сұранысты болжау, маршруттарды оңтайландыру және ресурстарды тиімді басқару жоспардабар. Инфрақұрылымдағы кептелістер мен кедергілерді болдырмау үшін үлкен деректер аналитикасын пайдалану қажеттілігі артып келеді.
Теміржол терминалдарында жүктерді басқарудың автоматты жүйелерін енгізу, сондай-ақ жүктерді түгендеу және олардың жағдайын бақылау үшін дрондар мен роботтық жүйелерді пайдалану жоспарланған.
Толық электрондық кедендік операцияларға көшу, транзиттік құжаттарды сандық жүйелер арқылы рәсімдеуді жеңілдету маңызды бағыт болып табылады.
Логистика саласында цифрлық шешімдер әзірлеу үшін кластерлер құрып, жаңа технологияларды дамыту үшін стартаптар мен халықаралық серіктестерді тарту қажет.
Маршруттарды оңтайландыру және тоқтап қалуды азайту жүктерді тасымалдау уақытын қысқартады, бұл елдің транзиттік әлеуетін көтереді.
Автоматтандыру операциялық шығындарды азайтады, бұл көлік қызметтерінің бағасын төмендетіп, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Цифрландыру процестерді бақылаудың жоғары деңгейін қамтамасыз етеді, бұл тұтынушылардың сенімін және көлік операцияларының тиімділігін жоғарылады.
Цифрлық жүйелердің интеграциясы және жеңілдетілген рәсімдер жүктердің ел арқылы өту уақытын қысқартады.
Цифрлық инфрақұрылымның дамуы жаңа серіктестер мен инвесторларды тартуға мүмкіндік береді, бұл ел экономикасының өсуіне оң әсер етеді.
– Қазақстан үшін автокөлік тасымалын дамыту және «жасыл дәліздің» тиімді қызметін қамтамасыз ету өзекті мәселе. Бұл бағытта қандай жаңа технологиялар мен шешімдерді енгізу қажет? Көлік ағынын тиімді басқару үшін қандай инновациялық әдістер мен цифрлық құралдар қолданылуы мүмкін?
–Қазақстанның жаһандық сауда жолдарындағы стратегиялық орналасуы автомобиль тасымалдарын дамыту мен транзиттік жүйенің тиімді жұмыс істеуіне ерекше мән береді. Осы мақсатта жаңа технологиялар мен инновациялық шешімдерді енгізу көлік ағынын басқаруды жақсартуға, логистикадағы бәсекеге қабілеттілікті арттыруға және халықаралық саудадағы рөлін нығайтуға мүмкіндік береді.
"Жасыл дәліздің" цифрландырылуы
"Жасыл дәліз" шеңберінде жүктердің жеделдетілген қозғалысын қамтамасыз ету үшін цифрлық жүйелердің енгізілуі маңызды. Жүк тасымалдаушыларды, кеден қызметтерін және бақылау органдарын біріктіретін бірыңғай электрондық платформа құру көзделіп отыр. Бұл жүйе шекарадағы кідірістерді азайту үшін электрондық жүкқұжаттарды, сертификаттар мен декларацияларды енгізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, блокчейн технологиясы деректерді қорғау және логистикалық тізбектегі транзакцияларды автоматтандыруға септігін тигізеді.
Интеллектуалды көлік жүйелері (ITS) және инновациялар
Интеллектуалды көлік жүйелерінің көмегімен жүктердің күйін бақылау, көлік құралдарының қозғалысын қадағалау, автоматтандырылған өткізу пункттерінде тексеруді азайту мүмкін болады. Ақылды сенсорлар, RFID тегтері, және үлкен деректерді талдау арқылы көлік ағындары тиімді бақыланып, маршруттар оңтайландырылмақ. Бұл шаралар кептелісті болдырмауға және тасымалдауды жылдамдатуға мүмкіндік береді.
Экологиялық таза көлік және жаңа технологиялар
Қазақстанда экологиялық таза көліктерді қолдануға ынталандыру шаралары да қолға алынған. Электр жүк көліктері мен сутегі отынымен жүретін көліктердің инфрақұрылымын дамыту мақсатында зарядтау станциялары мен жанармай құю бекеттері салынады. Бұл шаралар көлік саласының экологиялық әсерін азайтуға және елдің тұрақты даму стратегиясына сәйкес келеді.
Көлік ағынын басқаруды оңтайландыру
Жасанды интеллект технологиялары кептелістерді болжау, ауа-райын және жол жағдайын ескере отырып, жүк тасымалдау маршруттарын тиімді оңтайландырады. Автономды көлік құралдарын енгізу арқылы тасымалдау шығындарын азайту және қауіпсіздікті арттыру көзделуде. Сонымен қатар, "ақылды жолдар" жүйесін енгізу арқылы жол жағдайы мен метеорологиялық жағдайлар үнемі бақылауда болады, сол арқылы көлік ағынын тиімді басқаруға болады.
Тиімділікті арттыру шаралары
Қазақстанның көлік инфрақұрылымын дамыту арқылы транзиттік тасымалдау тиімділігін арттыру жоспарлануда. Мысалы, "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" жолын қайта құру, жүк тасымалдаушылар үшін демалыс аймақтарын құру, сондай-ақ көлік стандарттарын халықаралық нормалармен үйлестіру іс-шаралары жүзеге асырылады. Кедендік рәсімдерді оңтайландыру және "жасыл дәліз" шеңберінде тексерулер санын азайту арқылы әкімшілік рәсімдерді жеңілдету жоспарланып отыр.
Экологиялық таза тасымалдауды ынталандыру
Экологиялық таза көлік құралдарын сатып алу үшін субсидиялар мен салық жеңілдіктерін енгізу арқылы экологиялық таза көліктерді пайдалану артады. Бұл шаралар қоршаған ортаға теріс әсерді азайтып, еліміздің экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
– Президент заманауи технологияларды енгізбей, логистика жүйесін тиімді дамыту мүмкін емес екенін атап өтті. Әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, Қазақстанда логистика саласында қандай жаңа технологияларды енгізу маңызды деп ойлайсыз? Бұл өзгерістер саланың тиімділігіне қалай әсер етеді және қай бағыттарға басымдық беру керек?
–Қазақстанның қолайлы географиялық орналасуы оны Қытай, Еуропа, ТМД елдері мен Таяу Шығыс арасындағы транзиттік e-commerce хабына айналдыруға мүмкіндік береді. Бұл жергілікті интернет-дүкендердің көбеюіне, автоматтандыру мен роботтандыру технологиялары арқылы сақтау орындарының кеңеюіне ықпал етеді. Уақыт өте келе әуе және теміржол тасымалына сұраныс артатындықтан, халықаралық серіктестерге бәсекелестік тарифтер мен жылдам жүктерді өңдеуді ұсыну маңызды болады. Логистиканы тиімді дамыту үшін Қазақстан әлемдік тәжірибеге сүйеніп, жаңа технологияларды енгізуі керек. Бұл үшін бірнеше негізгі бағыттарды атап өтуге болады. Жоғарыда логистиканы цифрландыру туралы айтып өттім. Жасанды интеллект технологиялары маршруттарды оңтайландыруға, сұранысты болжауға және тәуекелдерді басқаруға мүмкіндік береді. Үлкен деректерді талдау арқылы логистикалық жүйенің тиімділігін арттыруға болады. Сонымен қатар, ақылды жолдар мен бағдаршамдар жол қозғалысын басқаруға, ал автоматтандырылған төлем жүйелері жолдағы кідірістерді азайтады. «Ақылды дәліздер» жүктердің қауіпсіз әрі тиімді тасымалдануын қамтамасыз етеді. Ал, қойма роботизациясы тауарларды тасымалдауды жылдамдатады. Пилотсыз көлік құралдары мен дрондарды сынау арқылы тасымалдау процесі автоматтандырылып, тиімділігі артады. Бұдан өзге жүктерді бақылау үшін IoT сенсорларын пайдалану нақты уақыттағы ақпаратты алу мүмкіндігін береді. Көліктің жағдайын бақылау арқылы техникалық қызмет көрсетуді жоспарлауға болады. Сондай-ақ экологиялық таза көлік түрлерін енгізу, энергия үнемдейтін шешімдер мен жаңартылатын энергия көздерін пайдалану көміртегі ізін азайтуға көмектеседі. Қазақстан халықаралық логистикалық платформалармен интеграцияланып, әлемдік жүйелермен бірігуі тиіс. Бұл транзиттік әлеуетті арттырады. Әртүрлі көлік түрлері арасында тиімді тасымалдауды ұйымдастыру үшін бірыңғай цифрлық экожүйе құру қажет. Бұл мультимодальды түйіндерде тасымалдау процесін оңтайландырады.
– Жаһандық электронды сауда-саттықтың қарқынды өсуі Қазақстанның логистика саласы үшін қандай жаңа мүмкіндіктер ұсынады? Бұл мүмкіндіктерді тиімді пайдалану үшін қандай инфрақұрылымдық және технологиялық жобаларды жүзеге асыру қажет деп есептейсіз?
–Жаһандық электрондық сауданың (e-commerce) жылдам өсуі Қазақстан үшін жаңа логистикалық мүмкіндіктер мен перспективалар ашады.
Е-commerce дамуы тауарлар мен қызметтердің көбірек көлемін тасымалдауды талап етеді, бұл Қазақстандағы жүк тасымалдау көлемін арттырады.
Қазақстанның географиялық орналасуы оны Еуропа мен Азия арасындағы маңызды көлік дәлізіне айналдырады, бұл елдің халықаралық тасымалға тиімді қатысуына жол ашады.
Электрондық сауда саласының дамуы жаңа жұмыс орындарын ашып, әсіресе көлік және қойма салаларында, сондай-ақ IT секторында кадрларға сұраныс тудырады.
Қазақстан ірі e-commerce ойыншылары үшін заманауи фулфилмент-орталықтарын құру арқылы маңызды логистикалық хабқа айнала алады.
E-commerce өсуі аймақтардағы көлік және қойма инфрақұрылымын дамытуға ықпал етеді, бұл жергілікті тұрғындардың тауарлар мен қызметтерге қолжетімділігін жақсартады.
Сұхбаттасқан Жанна Жомарт