"Кімге сатылғаны белгісіз". "Самұрық-Энерго" Шүлбі мен Өскемен ГЭС-ін өз балансынан шығарды

Кәмшат Тілеухан 26 ақп. 2025 09:58 323

"Самұрық-Энерго" мемлекеттік компаниясы екі активті балансынан шығарды: Шүлбі мен  Өскемен ГЭС-терін. Осындай ақпаратты компания KASE сайтына орналастырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Осы сипаттағы мәмілелер 21-22 ақпанда жасалғаны да нақтыланады. Бұған дейін "Самұрық-Энерго" ГЭС-тердің әрқайсысының 100% үлесіне ие болған. Активтер кімге және қандай бағамен сатылған, әзірге белгісіз.

Айта кетсек,  "Самұрық-Энерго" 2024 жылдың көктемінде "Самұрық-Қазына" мемлекеттік холдингінен екі ГЭС-ті сатып алған болатын. "Шүлбі ГЭС-і" ЖШС 36,2 млрд теңгеге, ал "Өскемен ГЭС-і" ЖШС 23,5 млрд теңгеге сатып алынды. Сауда-саттық нарықтық бағаға сай жүргізілді. Ал қос нысанды сатып алу қор биржасына "Самұрық-Энергоның" орналастырған акциялары есебінен жүргізілді. 2024 жылдың сәуір айында "Самұрық-Энерго" KASE-ге 96,4 мың теңгенің 375,5 мың қарапайым акциясын және 90,4 мың теңгенің 260 мың акциясын шығарды. Қосымша эмиссияның жалпы көлемі 59,7 млрд теңгені құрады. "Самұрық-Энерго" осы акциялармен 100 пайыз үлесті сатып алуда төлем жасады.

Ал 2021 жылы Үкімет "Шүлбі ГЭС-і" ЖШС мен "Өскемен ГЭС-і" ЖШС-лардағы 100% мемлекеттік үлесті Әбу-Даби және Қазақстан инвесторлар консорциумына тікелей атаулы сатуды жоспарлаған. Бұл туралы "Ашық НҚА" сайтында жарияланған заң жобасында қамтылды. 2022 жылы бұл құжат кері қайтарып алынды.

Шүлбі ГЭС-і - Семей қаласынан 70 шақырым жерде орналасқан Ертіс каскадындағы үшінші станция. Ол жобалық қуаты (702 МВт) бойынша Қазақстандағы ең ірі нысан болып табылады. ГЭС 1987 жылы іске қосылды.  

Өскемен ГЭС-і - Ертіс ГЭС каскадының екінші сатысы және Бұқтырма ГЭС контрреттегішінің рөлін атқарады. Ол 1952 жылы пайдалануға берілді. Оның белгіленген (жобалық) қуаты - 367,8 МВт, ал нақтысында 335 МВт-ты құрайды. Қос нысан "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ-ға тиесілі болғанға дейін ҚР Энергетика министрлігінің меншігінде болған.

 "Самұрық-Энерго" АҚ - бұл "Самұрық-Қазына" мемлекеттік холдингінің құрылымына кіретін ірі көпсалалы электр энергетикалық холдинг. Оның қызметі энергиямен жабдықтау жүйесін қалыптастыруға бағытталған.  

Негізінен, 2025 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 40-тан астам аудиторлық іс-шара өткізу жоспарланған. Соның ішінде "Самұрық-Қазына" қорына және оған кіретін ұлттық компаниялар бюджеті де тексерілетін болады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар