Сонымен қатар «Немістердің атадан балаға айтылатын ұлтшылдыққа толы 10 өсиеті» әлеуметтік желіде жарты жыл сайын хит болып тұратынын білеміз. Бұл енді қазіргі кезеңдегі қазақ ұлтшылдығының сиқы деп жазады Dalanews.kz.
Логикаға сыймайтын әңгіме айтады
Иә, қазақ ұлтшылдығы еш уақытта саяси аренаға шығып, саясаттың құралы болған емес (соңғы жылдары Перуашевтың «Алаш» деп ұрандатқаны болмаса, ред). Өзін ұлтжанды санаған адамдардың бәрі қаудаланды, атылды.
Әдетте біздер Алаш көсемдерін қазақ ұлтшылдығының эталоны деп есептейміз ғой. Шындығында, олар дәл біз секілді ұлтшыл болмағаны анық (бәлкім оларды ұлтжанды деп атау керек шығар). Анығында Алаш арыстары либералды көзқарастағы еркін ойлы, білімді азаматтар болғаны анық.
Егер ғайыптан тайып, Әлихан Бөкейханұлы мен Ахмет Байтұрсынұлы қазіргі күнімізге тап болса, бүгінгі ұлтшылдардың сықпытын көріп, қазақ ұлтшылдығының мұншалықты бейшара күйге түскенін көріп, күйінер еді.
Осы ретте бүгінгі ұлтшылдар кімдер деген сұрақ туындайды. Мұндайда тіл ұшына Геройхан Қыстаубай, Еркін Рақышев, Төлеубек Қараменде, Жасарәлі Қуанышәлин секілді бірлі-жарым азаматтар еске түседі. Сонымен қатар іле-шала ойыңызға олардың ешқандай компромиске бармайтын тоңмойын позициясы да ойға орала кетер еді.
Осы кісілер ұлтшыл болатындай мемлекетке қандай еңбек сіңірді? Ешқандай.
Ауыз толтырып айтатын еңбектері жоқ. Олардың бітпейтін дау-шардың соңында жүрген күрескер келбеті ғана көз алдыңда көлбеңдейді.
Еркін Рақышев көкеміз екі фильм түсіріп қазақ қоғамында қаһарман атанып, саясатпен айналысуға жолдама алды. Ондай болса Қоянбаев пен Адамбаевты да ұлтшылдардың қатарына қосу керек шығар.
Ал Геройхан көкеміз айдаладағы Мұхтар Тайжанмен тәжікелесіп, «Пияз дауының» шоғын үрлеп, атын қалыптастырды.
Егер Геройхан Қыстаубаев біздің заманның «геройы» болуға лайықты әрекетке барған кезі болса оны айтып, есіме салыңыздар. Біліп жүрейік.
Өткенмен өмір сүреді
Әңгіменің ашығын айтсақ, дәл қазір жібі түзу бір ұлтшылды таппайсың.
Олар сол баяғы Алтын орда хандарының табанын сүйіп, княз болған орыстар туралы әңгімені айналдырып айта береді, айта береді. Көбіміз өткеннің күннің елесімен өмір сүреміз.
Логикаға сыймайтын әңгімелерді WhatsApp-та таратамыз, соңынан Назарбаевты сынаймыз, Тоқаевқа тиісеміз. Көптеген ұлтшылдардың қоғамдық-саяси қызметі осымен шектеледі.
Бүгінде ұлтшылдар Алаш көсемдеріне ұқсағысы келеді. Солар секілді кесек тұлға болуға тырысады. Бірақ солар секілді еңбектеніп, бастарын қатерге тігуге дәттері жетпейді.
Ахмет Байтұрсынұлы қазақ жазу-сызусыз қалмасын деп қазақ тілінің емлесі мен «Әдебиет танытқышын» жазса, Мағжан Жұмабаев ақынмын деп гулетіп жүрмей ұрпағына «Педагогика» деген оқулықты жазып қалдырды.
Алаш көсемдерінің әрқайсысы бір-бір оқулық жазып, қазақтың білімді ұлтқа айналуы үшін еңбек сіңірді. Ал қазіргі ұлтшылдар не істеді? Келер ұрпаққа «Жетімдер» деген кино түсірген деп айтамыз ба?..
Қазіргі ұлтшылдардың ауызбен айтып, қолмен ұстап көрсететін еңбегі жоқ. Бірақ саяси амбициясы «алатаудай» – әңгіме айтса тас жарып, тау қопара жаздайды.
Олар Тоқаевты былай қойып, үйде отырып Путин мен Си Цзиньпинге шүйлігіп, ұлтшылдықты қоздыратын әр жерден үзіп, жұлып алған цитаталарды желіде таратуды ұлтқа қызмет ету деп ойлайды.
Қазақша білмейтіндерді қас жау санап, өзекке тебеді. Ойлаңызшы, Алаш көсемдері осындай ұсақ әрекетке барар ма еді? Бармас еді. Оны бәріміз білеміз.
Цитата демекші, күні кеше ғана ватсапқа Гитлердің «Майн кампф» кітабындағы «Немістердің атадан балаға айтылатын ұлтшылдыққа толы 10 өсиеті» соңғы бір-екі күннің бедерінде WhatsApp-қа он рет келді. Бірақ жіберушілердің бірде-біруі оның «Майн кампфтан» үзінді екенін білмейді.
Немістерге арналған 10 өсиетінің бірі мынадай «Неміс игілігіне тек немістің ұны, немістің жемісі, немістің еті жарайды...» деп тәпсірленіпті. Біз білетін бүгінгі немістер мұндай өсиетпен өмір сүрмейді.
Олар Гитлердің өсиеті немісті ғана емес, адамзат баласын қандай қасіретке душар қылғанын жақсы біледі.
Бүгінгі Германия талай халықты бауырына басып, ұлтшылдықты жөргегінде тұншықтырған ел екенін біздің желөкпе ұлтшылдар қайдан білсін? Осылайша қол бос шал-шақандарымыз Гитлердің өсиетін таратып, жастардың санасын улап жатыр.
Шыңғысханның руын термелеп, моласын іздейді
Дәл қазір тұйықталатын кез емес. Бүгінде әлемге құшағын ашқан елдер дамып жатқанын көзіміз көріп отыр.
Біздегі өндірістің дамымай қалғанына ұлтжандылықтың түк қатысы жоқ. Бұған кінәлі жемқорлық. Сонымен қатар бүгінгі билік басындағыларды ұлтшыл емес деп айыптау да орынсыз. Көпұлтты елде тұрып мұндай талап қою тіпті ақылға сыймасы анық.
Қазіргі дамыған заманда биліктің ұлтшыл болуы қауіпті құбылыс екенін сезінбейміз. Біз биліктен заңды орындауды ғана талап етуіміз керек. Заң орындалғанда тіл де, ұлттық құндылық та өзінің тұғырына қонады.
«Орысты ұшпаққа шығарам» деп аласұрған Путин бүгінде ормандай орысты империялық дертке шалдықтырып, батпаққа белшеден батырғанын неге көрмейміз?
Әңгіменің ашығын айтсақ, біздің көп қазағымыз Путин сияқты империялық дертке шалдыққан.
Көпшілігіміз қазақты Шыңғысханның мирасқоры санаймыз. Сол үшін жатсақ та, тұрсақ та Шыңғысханды қазақ қылуға күш саламыз. Оның руын термелеп, жүріп өткен жолын сөз етіп, моласын іздейміз. Бұл жақсылықтың нышаны емес.
Одан қалса, «Қытайдың ана жері, орыстың мына жері біздікі. Өзбек пен қырғыз біз болмасақ ел болмас еді» деп бос әңгіменің тізгінін қағып, онымызды шежіремен дәлелдеуге тырысамыз.
Әсіресе осы бір әңгімеге шал-шауқандар үйірсек. Жастар осындай бос әңгімеден аулақ болуы керек. Бұдан мемлекетіміз нығайып кетпейді. Мемлекетті нығайтатын нақты іс. Жастарымыз білім алып, өз саласы бойынша кәсіпкер болуы керек. Сол кезде ғана маңдайымыз жарқырап, бағымыз ашылады.
Айға ұшып, Марсты игеруді алдына мақсат етіп қойған технологияға құлаш ұрған елдерге біздің ата-бабаларымыздың мықты болғаны не керек? Оларға адамның нақ қазір мықты болғаны керек қой. Осыны естен шығармайық.
Нұрлан ЖҰМАХАН
Естідіңіз бе?
"Орыс әлемі" идеологиясын жүргізетін Россотрудничество ұйымы Қазақстанда Ресейді қолдайтын азаматтардың басын қосып, партия құру мүмкіндігін ойластыра бастады.
Толығырақ мына жерде: https://t.me/dalainside/1091
https://dalanews.kz/news/85766-resey-askerin-synagan-bayqongyr-turgy
https://dalanews.kz/del-qazir/85753-bir-zhigit-asylyp-qaldy-ilia-ilin
https://dalanews.kz/news/85733-turkiia-ush-birdey-fregattyng-qurylysyn