Көлік прокуратурасы жыл басынан бері кәсіпкерлерге негізсіз қысым көрсету фактілерін анықтады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қадағалау органының мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы төрт айында бизнес субъектілерінің құқықтарының бұзылуына қатысты бірнеше жағдай тіркелген. Тексеру қорытындысымен төрт лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Анықталған фактілердің бірі Павлодар облысында болған.
«ҚТЖ Жүк тасымалы» ЖШС Павлодар жүк тасымалы бөлімшесі мен «СВХ Экибастуз» ЖШС «Ертіс Агро» ӘКК-нің жүгі тиелген вагондарын заңсыз ұстап, инвестор қызметінің тоқтап қалуына себеп болған.
Павлодар көлік прокуратурасының араласуынан кейін қойылған шектеулер алынып тасталып, кінәлі тұлғалар ӘҚБтК-нің 173-бабы бойынша жауапқа тартылған.
Осындай жағдай Шығыс Қазақстан облысындағы «Майқапшағай» кеден бекетінде де анықталған.
Мәліметке сәйкес, отандық өндіруші «Format Mach Company» ЖШС өз өнімін кеден органдарының әрекеттеріне байланысты 20 күннен астам уақыт бойы шығара алмаған.
Шығыс Қазақстан көлік прокуратурасының қадағалау актілерінен кейін шектеулер жойылып, жауапты тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Көлік прокуратурасы кәсіпкерлерге қысым көрсету әрекеттері тоқтатылатынын және заң бұзғандардың жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді.