Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Мемлекет басшысының атынан ақын әрі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовті 90 жас мерейтойымен құттықтады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Дархан Сатыбалды Қазақстанның Халық жазушысының шаңырағына барып, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
"Сіз Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейде де көрнекті ақын, терең ойлы қаламгер әрі беделді қоғам қайраткері ретінде сый-құрметке ие болдыңыз. Сіздің гуманистік идеяларыңыз ұлттық мәдениет пен қоғамдық-саяси ойдың асыл мұрасына айналып, әлемге кеңінен танылды. Бірегей шығармашылығыңыз арқылы қазақ халқының тарихи санасының жаңғыруына өлшеусіз үлес қостыңыз", — делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.
Алматы әкімі Олжас Сүлейменовке әдебиетті, қоғамдық ой мен ядролық қаруға қарсы қозғалысты дамытуға қосқан өлшеусіз үлесі үшін алғыс білдірді. Ол қаламгердің бастамасымен құрылған "Невада-Семей" қозғалысы ядролық сынақтарға қарсы күрестің символына айналып, Семей ядролық полигоны жабылуына маңызды рөл атқарғанын жеткізді.

Олжас Сүлейменовтің есімі тәуелсіз Қазақстан тарихына алтын әріппен жазылған. XX-XXI ғасырлардағы көрнекті ақын, заңғар жазушы өзінің әдеби мұрасымен ғана емес, белсенді қоғамдық-саяси қызметімен де әлемге кең танылды. Оның шығармалары көптеген тілге аударылып, көп таралыммен жарық көріп, оқырман қауымның сұранысына ие болып келеді.