Қарағандыдағы қайғылы оқиға: мотоцикл тізгіндеген жасөспірім 8 жастағы қызды қағып өлтірді

Қарағандыдағы қайғылы оқиға: мотоцикл тізгіндеген жасөспірім 8 жастағы қызды қағып өлтірді
pixabay.com

Қарағанды облысында кәмелетке толмағандардың мотокөлік басқаруына байланысты тағы бір қайғылы оқиға тіркелді, деп хабарлайды dalanews.kz.

9 мамыр күні Қарағанды қаласындағы Көкпекті станциясында 17 жастағы жасөспірім «Эндуро» маркалы мотоциклмен 8 жастағы қыз баланы қағып кеткен.

Ауыр жарақат алған бала оқиға орнында көз жұмды.

Ал мотоцикл жүргізген жасөспірім түрлі жарақатпен медициналық мекемеге жеткізілген.

Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды.

Сонымен қатар кәмелетке толмаған жүргізушінің ата анасына қатысты да қылмыстық іс тіркелді.

Іс «Көлік құралын басқару құқығы жоқ адамға көлікті басқаруға рұқсат беру және оның салдарынан абайсызда адам өліміне әкелу» бабы бойынша қаралып жатыр.

Қарағанды облыстық полиция департаменті жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін сақтау жөнінде бірнеше рет ескерту жасалғанына қарамастан, өңірде ауыр салдары бар жол апаттары жалғасып жатқанын мәлімдеді.

Полиция ата аналарды кәмелетке толмағандарға мотокөлік тізгіндетпеуге шақырды.

Ведомствоның мәліметінше, қауіпсіздік талаптарына салғырт қарау орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін.