НЗМ, РФМШ және БИЛ айналасындағы дау: дайындық орталықтары дарынды балалардың жолын жауып отыр ма?

НЗМ, РФМШ және БИЛ айналасындағы дау: дайындық орталықтары дарынды балалардың жолын жауып отыр ма?
pixabay.com

Әлеуметтік желіде қоғам белсендісі Мира Байбек элиталық мектептерге қабылдау жүйесіне қатысты пікір білдіріп, қызу талқылау туғызды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның жазбасы НЗМ, РФМШ және БИЛ секілді мамандандырылған мектептерге оқушы дайындайтын ақылы орталықтардың жұмысына қатысты мәселені қайта көтерді.

Мира Байбектің пікірінше, бүгінде дарынды балаларды анықтау жүйесі тең мүмкіндіктер қағидатынан алыстап барады.

Ол өз жазбасында:

«НЗМ, РФМШ, БИЛ сияқты маңдайалды мектептерге бала дайындайтын бүкіл орталықтарды жауып тастау керек. Тек мектептің негізгі білімін жақсы меңгергендерді ғана конкурспен қабылдаған дұрыс. Жай мектептер мен мұғалімнің сапасы сонда ғана өседі. Қас жүйрік сонда ғана танылады», – деп жазды.

Оның айтуынша, ақылы дайындық курстары элиталық мектептерге түсу мүмкіндігін көбіне қаржылық жағдайы жақсы отбасылардың балаларына жақындатып отыр.

«Болса да, болмаса да сүйрелеп, оқу орталықтарына миллиондап ақша құйып, түсіріп алып, қаншама жағдайы жоқ дарынды балалардың жолын кесіп жатыр», – дейді автор.

Бұл пікір әлеуметтік желілерде екіге бөлінген реакция туғызды.

Бір тарап шынымен де дайындық индустриясы соңғы жылдары үлкен бизнеске айналғанын айтады. НЗМ, РФМШ және БИЛ емтихандарына арнайы дайындық курстары бірнеше айдан бірнеше жылға дейін жалғасады. Кейбір ата аналар баласын бастауыш сыныптан бастап дайындайды.

Мира Байбек осы мәселеге тоқталып:

«Ақшаға баласын дайындағыштар одан да НИШ пен РФМШ дан ақылы бөлім ашқызып сонда оқытсын. Сонда әділетті болады, әділет іздесеңдер», – деп жазған.

Тағы бір маңызды мәселе ретінде ол қысқа мерзімді дайындықтың әділдігіне күмән келтірген.

«Алты айда дайындай салып, мықты мектептерге түсе қалу да әділетті емес қой, шынығында. Небір дарынды балалардың ақша жоқтықтан сағы сынып жатыр», – дейді ол.

Автордың пікірінше, қаржысы жоқ, бірақ табиғи қабілеті жоғары балалар көлеңкеде қалып қоюы мүмкін.

«Болмысынан жүйрік, табиғатынан талант балалар сонда табылар еді. Әйтпесе мынау не енді, шамасы жеткеннің ғана құлақты жарған дауысы шығады», – деп жазды қоғам белсендісі.

Жазба соңында ол:

«Бәрібір жетектеген тазы түлкі алмайды», – деген пікір қалдырған.

Бұл мәселе Қазақстан қоғамында жаңа емес. Соңғы жылдары элиталық мектептерге дайындық орталықтарының көбеюі бірнеше рет талқыланған. Бір тарап мұны баланың мүмкіндігін арттыратын құрал деп есептесе, екінші тарап әлеуметтік теңсіздікті күшейтетін фактор ретінде қарайды.

Сарапшылардың бір бөлігі мәселе дайындық орталықтарында емес, қарапайым мектептер арасындағы білім сапасының айырмашылығында деп санайды. Себебі ата аналар қосымша дайындыққа көбіне мектеп бағдарламасы жеткіліксіз деп есептеген жағдайда жүгінеді.

Ал енді бір пікір бойынша, егер ауыл мен қала, қарапайым мектеп пен мамандандырылған білім ұйымдары арасындағы алшақтық азайса, дайындық индустриясына сұраныс та төмендеуі мүмкін.

Қазір әлеуметтік желіде басты сұрақ біреу: элиталық мектептерге кім түсуі керек – ақылы дайындықтан өткен оқушы ма, әлде табиғи қабілетімен ерекшеленген бала ма? Бұл пікірталас алдағы уақытта да жалғасуы мүмкін.