Склярдың орнына отырған Нәлібаев жұмысты Алматыдан бастады: әуежай мен вокзал сынға ұшырады

Склярдың орнына отырған Нәлібаев жұмысты Алматыдан бастады: әуежай мен вокзал сынға ұшырады
Үкіметтің баспасөз қызметі

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапарымен Алматы қаласына барып, әуежай мен теміржол вокзалындағы жаңғырту жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Алдымен ол Алматы халықаралық әуежайындағы жобаларды аралады. Перрон ғимараты, ұшақтарды мұздан тазарту алаңы, жүк тұрақтары мен ішкі рейстер терминалын қайта жаңарту жұмыстары тексерілді.

Әуежайды басқарып отырған TAV Airports Holding компаниясы алдағы бес жылға арналған 360 млн долларлық даму жоспарын бекіткен. Жоспарда терминалдарды жаңарту, ұшу-қону жолағын жөндеу, жаңа нысандар салу және автотұрақ тұрғызу қарастырылған.

Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс қарқыны баяу екенін айтып, әуежай аумағындағы құрылыс жұмыстарын 1 шілдеге дейін аяқтауды тапсырды. Оның сөзінше, созылып кеткен жөндеу жұмыстары туристер мен жолаушыларға қолайсыздық тудырып отыр.

Сондай-ақ, шенеунік нөсер жауын кезінде әуежайды су басқан жағдайға да тоқталып, мұндай мәселелер жағымсыз пікір қалыптастыратынын айтты.

Бұдан кейін премьер-министрдің бірінші орынбасары "Алматы-1" теміржол вокзалындағы реконструкция жұмыстарын тексерді. Ол “Қазақстан Темір жолы” жұмысындағы кемшіліктерді атап өтіп, жөндеу жұмыстары тым баяу жүріп жатқанын сынға алды.

Нұрлыбек Нәлібаевтың айтуынша, вокзалдағы ұзаққа созылған жөндеу жолаушыларға қолайсыздық туғызған. Осыған байланысты ол вокзалдағы жаңғырту жұмыстарын жедел аяқтауды тапсырды.