Freedom Broker сервисі қайтадан штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Бұл туралы Freedom Holding Corp. CEO-сы Тимур Тұрлов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, брокерлік қызмет қосымшасының барлық негізгі функциялары кешеден бастап баршаға қолжетімді, ал бүгін аталған қызмет түрі, әдеттегі қарқынына толығымен оралды. Дегенмен, кейбір тұтынушыларға қолдау қажет болып қалуы мүмкін.
"Достар, әріптестер! Freedom Broker өмірге толығымен оралды, барлық негізгі операциялар кешеден бастап қолжетімді. Бүгіндері бәрі стандартқа сай жұмыс істеп жатқан болуы керек. Клиенттеріміздің жекелеген жағдайын біздің брокерлер тыңғылықты жеке-дара пысықтайтын болады, оларға уақыт қажет болуы мүмкін", - деп жазды Тұрлов желіде.
Кешірім ишараты ретінде компания 1-11 мамыр аралығында жасалған мәмілелер үшін алынатын брокерлік комиссияның күшін толығымен жою туралы шешім қабылдады. Комиссия мүлдем қосылмайды немесе операциялық модельге байланысты мамыр айы барысында олар кері иесіне қайтарылады.
"Дүйсенбіде мүлде жұмыс істемегеніміз үшін кешірім сұрай отырып, біз 1 мамырдан 11 мамырға дейін клиенттерімізден жасаған мәмілелеріне брокерлік комиссиялар алмаймыз. Ол мамыр айы бойында қайтарылады немесе операциялық модельге байланысты мүлдем есепке қойылмайды", — деп сөзін толықтырады холдинг басшысы.
Айта кетсек, Тимур Тұрловқа тиесілі Freedom Broker қосымшасын қолданушылар 21 сәуірде күні бойы сауда операцияларын жүргізе алмады. Көп ұзамай ауқымды техникалық ақау орын алғаны белгілі болды. Техниктер жұмысты бір тәулік ішінде қалпына келтіруге тырысты, бірақ синхрондау нүктесінің болмауына байланысты барлығын жүйені сақтау көшірмесі қорынан қалпына келтіруге тура келді. Бұл - 2008 жылдан бері тіркелген алғашқы жағдай.