Кеңес Рақышев Кайман аралдарында тіркелген компания акционері атанды

Кәмшат Тілеухан 27 қар. 2024 15:43 567

Кәсіпкер Кеңес Рақышев жеке меншік иесі болып табылатын "Fincraft Group" ЖШС Tethys Petroleum Limited мұнай-газ компаниясының 15,16% акциясын сатып алды. Бұл туралы 26 қарашада Қазақстан қор биржасы сайтында жарияланған ақпараттан белгілі болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Fincraft Group құрамына БТА банкі, Шоқан Уәлиханов атындағы жекеменшік мектеп, Nordland Petroleum Inc., Equus Petroleum Limited, Shoqan Academy және Beineu Petroleum Limited енеді.

Tethys Petroleum — Қазақстанда жұмыс істейтін, дегенмен Кайман аралдарында тіркелген мұнай-газ компаниясы. Оның негізгі қызметі шикі мұнай мен табиғи газ кен орындарын сатып алу, барлау және игеру болып табылады.

"2023 жылдың соңында Tethys Petroleum Қазақстанда төрт келісімшартқа: Қызылой кен орнын өндіруге, Аққұл кен орнын өндіруге (газ келісімшарттары), Аққұл кен орнын барлауға (Дорис мұнай кен орнын және басқаларын қамти отырып), сондай-ақ Құл-Бас кен орнын барлауға және игеруге қол жеткізді. Tethys Petroleum құрамына 100% үлесі бар сегіз еншілес ұйым кіреді: Tethys Kazakhstan SA, Transcontinental Oil Transportation srl, Tethyda Limited, TPL Holdings Limited, DMS Services LLP, Tethys Aral gas LLP, Kul-Bas ЖШС, Tethys Services Kazakhstan LLP. Сондай-ақ, компания Аралдағы мұнай терминалының 50% үлесіне ие", деп жазады Forbes.kz.

Қаржылық есептерге сүйенсек, 2023 жылы Tethys Petroleum 9,7 миллион доллар, 2022 жылы 12,3 миллион доллар табыс тапқан. Ал 2024 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша компанияның таза кірісі небәрі 44 мың долларды құрапты.

Tethys Petroleum Торонтодағы TSX Venture Exchange қор биржасында бастапқы листингке ие (дамушы компаниялар үшін венчурлық капиталдың қоғамдық алаңы). Сондай-ақ, Қазақстан қор биржасында (KASE) да тіркелген.

Бұған дейін жергілікті БАҚ-тарға берген сұқбатында Кеңес Рақышев қазіргі уақытта "мұнай-газ активтерін сатып алу бойынша бірқатар мәмілелер" жасасып жатқанын айтқан. Қыркүйек айының басында Fincraft Group Beineu Petroleum Limited мұнай-газ компаниясындағы 40% үлесін сатып та алды. Бұл ретте бизнесмен өзінің компаниясының шығынға ұшырауына әкеліп соқтырған қаржы саласындағы активтерінен белсенді түрде арылып жатқанын мойындаған еді (2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Fincraft Group-тың шығыны 19,3 млрд теңгені құрады). Бұл арада Украинадағы БТА банкі туралы сөз болып отыр, ол әлі сатылу процесінде. Ал Беларусь еліндегі БТА банкі 2024 жылдың маусымында SNRG Capital Eurasia компаниясына сатылды.

Кеңес Рақышев Forbes-тың ең бай бизнесмендер рейтингісінде 19-шы орында тұр (2024). Оның байлығы 435 миллион долларға бағаланады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар