Ресей президенті Владимир Путин Қытайға екі күндік ресми сапармен келді. Ол Бейжіңдегі Шоуду халықаралық әуежайына қонды, деп хабарлайды dalanews.kz.
ТАСС агенттігінің мәліметінше, әуежайда Ресей мен Қытайдың мемлекеттік тулары көтеріліп, құрмет қарауылы сап түзеген.
Си Цзиньпин Путинді Тяньаньмэнь алаңында қарсы алды
Қытай төрағасы Си Цзиньпин Ресей президентін Бейжіңдегі Тяньаньмэнь алаңында қарсы алған. Алаң екі елдің туларымен безендірілген. Сондай-ақ мемлекет басшыларын құрмет қарауылы, әскери оркестр және қолдарына екі елдің жалауын ұстаған балалар гүл шоқтарымен қарсы алған.
«Әлемдік басқару жүйесі әділеттірек болуы керек»
Келіссөздердің басында Си Цзиньпин қазіргі халықаралық жағдайды «тұрақсыз әрі күрделі» деп сипаттады.
«Қазіргі таңда халықаралық ахуал күрделі болып тұр. Біржақтылық пен гегемония күшейіп барады. Соған қарамастан бейбітшілікке, дамуға және ынтымақтастыққа ұмтылу халықтардың басты талабы болып қала береді», – деді Қытай басшысы.
Ол Қытай мен Ресей БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелері әрі ірі державалар ретінде жаһандық басқарудың әділеттірек жүйесін қалыптастыруы қажет екенін айтты.
Ресей мен Қытай визасыз режимді жалғастырады
Келіссөз барысында Владимир Путин Ресей мен Қытай азаматтарына арналған визасыз режим тәжірибесі жалғасатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл шешім екі ел арасындағы гуманитарлық байланысты нығайтуға ықпал етіп отыр.
«Құрметті досым, сіздің бастамаңызбен енгізілген өзара визасыз режим гуманитарлық байланыстарды дамытуға қосымша серпін берді. Бұл тәжірибені біз міндетті түрде жалғастырамыз», – деді Путин Қытай төрағасымен кездесу кезінде.