Кедергісіз келешек. Талдықорғанда тірек қимыл жүйесі зақымданған адамдарды оңалтатын орталық ашылды

Dalanews 26 қыр. 2023 03:00 1186

Жетісу облысында спорттық-оңалту орталығының ашылуы өтті. Бұл орталықта негізінен омыртқаның түрлі жарақаттарынан, инсульттан, ДЦП кезінде, І-ІІІ топтағы мүгедектіктен кейін оңалту жүргізіледі. Мемлекеттік тапсырыс арқылы облыстық бюджеттен халыққа осы орталықта тегін негізде оңалту қызметтерін көрсету үшін 80 млн теңге бөлінді. Жылына 400-ге дейін адам қабылдай алады. Талдықорған қаласында орналасқан бұл орталықта адамның қайтадан аяғынан тік тұруына көмектесетін әлемнің түрлі елдерінен әкелінген заманауи жабдықтар бар, – деп хабарлайды Dalanews.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Маңызды әлеуметтік нысанның ашылуына облыс әкімі Бейбіт Исабаев қатысып, орталықтың басшысы әрі негізін қалаушы Елдос Баялышбаевқа алғысын білдірді:

– Бүгін біз Талдықорған қаласында «Асар» оңалту кешенінің ашылғанына куә болып отырмыз. Бұл оңалту орталығы ерекше қажеттіліктері бар халыққа сапалы қызмет көрсетуге жәрдемдеседі деп санаймын. Баршаға кедергісіз, қолжетімді орта құру – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты және бүкіл қоғамның міндеті, бұл туралы Мемлекет басшысы үнемі айтып отырады.

Биыл 162 әлеуметтік нысанды бейімдеуге 472,6 млн теңге бөлінді. Бұл жұмыстарды қыркүйек айының соңына дейін толық аяқтаймыз. Бұдан әрі осы бағыттағы жұмыс жалғасатын болады, – деп атап өтті өңір басшысы. Биыл Талдықорғанда «Қамқорлық» қорымен бірлесіп аутизмі және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған орталық ашылғанын, қазір оның базасында 18 жастан асқан азаматтар үшін де жағдай жасау жоспарланып отыр.


– Алакөл ауданының Ақши ауылында, шипалы көлдің жағасында биыл күрделі жөндеуден өткен аудандық резиденция базасында жазғы демалыс үшін балаларды оңалту лагері ашылды. Осы жазда 140 бала демалды. Балқаш көлінің жағасында да осындай орталық салу жоспарда бар, қабылдайтын адам саны Алакөлдегі лагерьден көбірек болады.

Алдымен жолды аяқтап, содан кейін инженерлік инфрақұрылым салуымыз қажет. Жалпы бүгінде Талдықорғанда оңалту қызметтері 300 адамға көрсетіліп отырса, соның 54-і бала.

Осыған байланысты Жетісу жұртшылығының атынан оңалту орталығының басшысы Елдос Баялышбаевқа алғысымды білдіремін. Мен бұл орталықта болғанмын, бүгін ашылуы өткізіліп отырғанына қуаныштымын. Біз өз тарапымыздан қолдау көрсетуді жалғастырамыз.

Мұнда газ тартып береміз, шамамен 1,5 ай ішінде жұмысты аяқтаймыз. Осындай орталықтар ерекше күтімге мұқтаж азаматтардың әлеуметтік-тұрмыстық ортаға бейімделуіне, сондай-ақ көрсетілетін оңалту қызметтерінің сапасын арттыруға ықпал ететініне сенімдімін, – деген Бейбіт Исабаев бұдан әрі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің құттықтау жеделхатын оқып берді. Онда Елдос Баялышбаевтың әлеуметтік қорғау ісіне қосқан үлесі аталып өтіліп, орталық басшысы мен ұжымының атына тілектер айтылды.



Қатысушыларды орталықтың ашылуымен Талдықорған қаласының «Ер» тірек қимыл жүйесі зақымданған мүгедектердің қоғамдық бірлестігінің төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Роза Ақжаркенова құттықтады.

– Елдос, сенің біздің қаламызда болғаныңа мен ризамын. Бәрі неден, қалай басталғанын білеміз, және осындай жағдайға жетіп отырғаның – өзіңнің қажырлы еңбегіңнің нәтижесі.

Көбісі орталыққа арбамен кіріп, оңалтудан кейін балдақпен шығады. Елдосқа қолдау көрсетіп, жобаны жүзеге асыруға көмектескендердің барлығына шын жүректен алғыс білдіремін, өйткені бұл жай ғана пайдалы іс қана емес, нағыз игі, ізгі іс. Дендеріңіз сау болсын, өмірді бағалаңыздар және бір-біріңізге қамқор болыңыздар, – деді Роза Ақжаркенова өз құттықтауында.


Жұбайы орталықта оңалтудан өтіп жатқан Қадира Сағадиева алғыс сөзін айтты.

– Екі жарым жылдан астам уақыт бойы біз «Асар» орталығында ем алып жүрміз. Орталық бастапқыда жартылай жертөледе болды, қазір жарық, жақсы ғимаратқа көшіп отыр. Күйеуімді арбамен алып келгенбіз, қазір ол баяу жүре бастады. Қызметкерлерге қамқорлықтары үшін көп рахмет. Енді жаңа орталықта физиокабинетке, процедуралық кабинетке барамыз. Кабинеттері өте жақсы жабдықталған. Елдосқа, оның отбасына, туыстары мен жақындарына денсаулық тілеймін, – деді ол.



Орталықтың директоры Елдос Баялышбаевтың өзі де сөз сөйледі, ол жобаны іске асыру және оңалту орталығын салу кезінде көмек көрсеткендердің барлығына алғысын білдірді, сондай-ақ орталықтың құрылу тарихына қысқаша тоқталды:

– 2015 жылдан бастап осы жобаны іске асыра бастадым, үш жыл қатарынан «Сәби» қорының «өз бизнесіңді құр» конкурсына қатыстым. Үшінші жыл дегенде жеңіске жеттім. Сонымен қатар әр жылдары Жапония елшілігінің жабдық сатып алуға берілетін «Шөп тамырлары» грантын екі рет жеңіп алдым.

Айтпақшы, халықаралық грантты бір адамның екі рет ұтуы әлемдегі екінші жағдай екен. Бұл заманауи жетілдірілген жабдықты сатып алуға үлкен қолдау болды.


«Даму» қорының жеңілдік шарттары бар кредиттік қаражатын да пайдаландым. Әкімдік маған құрылыс салатын жер телімін берді. Жалпы көп уақыт кетті, қаншама күш жұмсалып, жұмыс жасалды. Соның бәрі нәтижесін берді. Бүгін Орталық ресми түрде ашылып отыр. Біз хабарласқандардың барлығына көмектесуге тырысамыз.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, өз ұжымыма алғысымды білдіремін. Бастапқыда бізде 4-5 адам ғана жұмыс істеген, қазір олардың саны 30-ға жуықтады. Сіздер болмасаңыздар осындай жетістікке жетпес едім, – деп Елдос бірқатар азаматтарға алғыс хаттар тапсырды.

Атап өтсек, «Асар» спорттық-оңалту орталығы ғимаратының жалпы ауданы 700 шаршы метрді құрайды. Физиотерапия, кинезотерапия кабинеттері, массаж және емдеу кабинеттері, психолог және логопед кабинеттері, буфет бар, кедергісіз орта қалыптастыру үшін барлық жағдай жасалған. Жобаның жалпы құны – 120 млн теңге. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың арқасында Орталықта қызметтер тегін көрсетіледі, мұнда қызмет алу үшін дәрігердің тағайындауы қажет.



Жалпы «Асар» спорттық-оңалту орталығының жоғары технологиялық жабдықтары ерекше. Мысалы, испандық экзоскелет адамға қайтадан жүруді үйренуге көмектеседі. «Бұл салмағы небәрі 17 кг болатын модель, ресейлік өндіріс моделінің салмағы 46 кг. Қазақстанда мұндай модель жоқ, бұл модель қозғалыс датчиктерінің функциясына ие. Тренажердің құны шамамен 107 млн. теңге», – деп түсіндірді орталық директоры.


Заманауи емдеу жабдықтарының тағы бірі – «Луна» көпфункционалды роботтанған оңалту жүйесі. Бұл ерекше тренажер неврологиялық және ортопедиялық патологиясы бар, бастан өткерген жарақаттары мен ауруларына байланысты қозғалыс бұзылыстары бар науқастарды емдейді. «Асар» орталығында АҚШ, Жапония, Германия, Италия, Ұлыбритания, Испания, Польшадан әкелінген ересектер мен балаларды оңалтуға арналған 30-дан астам тренажерлер мен арнайы жабдықтар бар.

Фотосуреттер авторлары: Жеңіс Ысқабай, Дмитрий Ерофеев

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар