«Казкоммерцбанк» талап-арызы қайғыға ұласты

Dalanews 08 шіл. 2016 03:34 945



Бүгін Алматыда «Казкоммерцбанк» арызы бойынша сотталған Тайыр Қалдыбаевты жерлейді. Ол шілденің 5-і күні Алматыдағы абақтыда асылып тұрған жерінен табылған. Кәсіпкер қазасынан екі күннен кейін Казкоммерцбанк «ол материалдық шығынды толық өтеді» деп мәлімдеді, бірақ сот кезінде оны мойындамаған еді. Бұл туралы "Азаттық" сайты жазады.





49 жастағы алматылық кәсіпкер, «Республика» және Nakanune.kz оппозициялық сайттарында «Казкоммерцбанкті» қаралайтын мақалалар жариялау ісі бойынша сотталғандардың бірі Тайыр Қалдыбаев шілденің 5-і күні кешкісін Алматыдағы тергеу абақтысы (СИ-1) камерасында асылып тұрған жерінен табылған.

Ертеректе кәсіпкер Тайыр Қалдыбаевтың есімі жұртқа таныс емес болатын. «Казкоммерцбанктің» талап-арызы бойынша өткен сотта адвокаттары ол жайлы жазбауды әрі фотоға түсірмеуді өтінген. Дәл сол себепті бұл істе жұрт назары оппозициялық журналист Гузяль Байдалиноваға көбірек ауған еді. Бірақ сот ісінің негізгі түйткілдері Тайыр Қалдыбаевпен байланысты болған.

ШІЛДЕНІҢ 5-І

Тайыр Қалдыбаев өзіне қол салған сияқты деген болжам тарады. Оны Гузяль Байдалинова екеуінің апелляциялық шағымын Алматы қалалық сотында қарау шілденің 5-інен 12-сіне кенеттен ауыстырылған күннің кешінде асылып тұрған жерінен тапқан.

Ертеректе Алматы қаласы қылмыстық-атқару жүйесі департаменті (ҚАЖД) қызметкерлері Азаттыққа шілденің 5-і күні аз ғана уақыт камерада жалғыз қалған Қалдыбаевты басқа камераға «көшіру» жедел шарасы кезінде 17 сағат 40 минут шамасында камерада асылып тұрған жерінен тауып алған деп бейресми түрде хабарлаған болатын. Сот үкімі күшіне енетін мерзім жақындаған Қалдыбаев тек сотталғандармен бір камерада отыруы тиіс болғандықтан, оны «көшірмек» болған. Бұған дейін Қалдыбаев өзін байсалды ұстаған, суицидке бейім ниеті байқалмаған.

Тайыр Қалдыбаевты үкім күшіне енуге бір апта қалғанда неліктен «көшірмек» болғаны, «көшіруді» неліктен дәл Қалдыбаевтан бастағаны және оны «аз уақытқа жалғыз қалуы» нені білдіреді деген сұрақтардың әзірше жауабы жоқ.

Тайыр Қалдыбаевтың қазасы жайлы күні бүгінге дейін, яғни мақала әзірленгенге дейін бас прокуратура да, ішкі істер министрлігі де, қылмыстық атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) де хабарлаған жоқ. ҚАЖК баспасөз қызметі жетекшісі полковник Ғалымжан Хасенов оқиға жайлы Азаттық сайтынан оқығанын айтады әрі жарияланған хабарды терістемейді. Ол Азаттыққа «тексеру жүріп жатыр, бірақ әлдебір ұйғарым жасауға әлі ерте» деп мәлімдеді.

Кәсіпкер асылып тұрған жерінен табылған шілденің 5-і күні журналистер қоғамдастығы мен демокартиялық жұртшылық іске қатысты тағы бір айыпталушы Гузяль Байдалинованы апелляциялық сот қамаудан босатады деп күткен. Оны бір жарым жылға соттаған. Бірақ маусым айында «Казкоммерцбанк» аяқ астынан «банк Байдалинованың 19 миллион 900 мың теңге (100 мың теңгені ол банкке аударған) қарызын кешірді», тіпті оны «бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрап, апелляциялық сотқа өтініш жолдайды» деген сенсациялық мәлімдеме жасаған.

Бірақ апелляциялық сот шілденің 12сіне ауыстырылған, ал шілденің 5-і күні кешкісін Қалдыбаев асылып тұрған күйі табылған.

«Маусымның 12-сі күні Алматы қалалық сотында Тайыр Қалдыбаевтың апелляциялық шағымы қарала ма?» деген сұраққа оның адвокаты Сапар Әміртаев «шағым берілген әрі оны кері қайтарып алған жоқ, сондықтан қаралады» деп жауап берді. Бұл пікірді Гузяль Байдалинованың мүддесін қорғайтын адвокат Инесса Кисилева да қостайды.

Оппозициялық журналист Гузяль Байдалинова сот залында отыр. Алматы, 16 мамыр 2016 жыл.

Оппозициялық журналист Гузяль Байдалинова сот залында отыр. Алматы, 16 мамыр 2016 жыл.


Тайыр Қалдыбаевтың қазасынан екі күннен кейін «Казкоммерцбанк» жариялаған мәлімдемесінде «тіпті сот тек журналистің ғана жазасын жеңілдететін жайттар тауып, ал қылмысқа тапсырыс беруші Тайыр Қалдыбаевтың апелляциясын қанағаттандырмаған күннің өзінде банк жанжалды бейбіт жолмен реттеу процесін дереу бастап, Тайыр Қалдыбаевтың үкімін жеңілдету жөнінде өтініш жолдайды» деп жазады.

144 МИЛЛИОН 235 МЫҢ ТЕҢГЕ

«Казкоммерцбанк» Тайыр Қалдыбаевтың қазасына көңіл айтып, «Тайыр Қалдыбаев 144 миллион 235 мың теңге мөлшерінде өтеген бүкіл материалдық шығын сомасын оның отбасына қайтару» шешімі жайлы хабарлайды. Ертеректе «Казкоммерцбанк» жауапкер Тайыр Қалдыбаевтың материалдық шығынды өтегенін мойындаудан бас тартқан болатын. Сотта Қалдыбаев банк шотына 144 миллион 235 мың теңге аударғанын, ал «Казкоммерцбанк» өкілдері ақша банк депозитіне емес, ағымдағы шотқа аударылды деп мәлімдеген.

Бұған қоса, ақшаны адвокат Сапар Әміртаев аударған деген тағы бір негіздемені атаған. Ол кезде оның клиенті Қалдыбаев тергеу абақтысында отырған. Әлгі уәжден кейін ақша Қалдыбаевтыкі емес, сондықтан Әміртаев оны банктен кез келген уақытта қайтарып алуы мүмкін деген қорытынды жасалған.

Алмалы аудандық соты судьясы Нариман Бегалиевтің Тайыр Қалдыбаев пен Гузяль Байдалинованың үкімін оқыған кезі. Алматы, 23 мамыр 2016 жыл.

Алмалы аудандық соты судьясы Нариман Бегалиевтің Тайыр Қалдыбаев пен Гузяль Байдалинованың үкімін оқыған кезі. Алматы, 23 мамыр 2016 жыл.


Алмалы аудандық сотының судьясы Нариман Бегалиев аударылған әлгі ақшаны Тайыр Қалдыбаевтың банк шығынын өтеуі ретінде есептеуге ыңғай танытқан. Сотта банк мүддесін қорғаған заңгерлер «банкке аударылған ақшаға қатысты шешім қабылдауға өкілетіміз жоқ» деп мәлімдегеннен кейін ол Қалдыбаев пен банк арасында хат жазысуды ұйымдастырған. Судья Қалдыбаевқа «аударылған соманы өтемақы ретінде есептеуді сұраймын әрі әлгі соманы банктен қайтарып алмауға міндеттеме аламын» деген мазмұнда қолхат та жаздырған.

Бірақ мамырдың 23-і күні судья Бегалиев шығарған үкімде Қалдыбаев аударған ақша банк шығынын өтеу болып саналмайды, себебі оны өзі емес, адвокаты салған деп көрсетілген. Оны төрт жарым жылға соттаған. Үкімнен кейін Тайыр Қалдыбаев алданып қалған әрі уайымдаған жандай көрінген. Ол жылап жіберген әйелі Лилияны тыныштандыруға тырысқан болатын.

Адвокат Сапар Әміртаев банктен Тайыр Қалдыбаев «банктің материалдық шығынын толық өтеді» деген ресми құжат түспегенін айтады.

Nakanune.kz. және "Республика" сайттарындағы "Казкоммерцбанкті" қаралайтын материалдардың тапсырыспен жазылғаны жайлы істе куәгер болған журналист Махамбет Әуезов.

Nakanune.kz. және "Республика" сайттарындағы "Казкоммерцбанкті" қаралайтын материалдардың тапсырыспен жазылғаны жайлы істе куәгер болған журналист Махамбет Әуезов.


«Казкоммерцбанк» бұған қоса, «оның ауыр сырқат екені және бір қызының денсаулығында кінәрат бары жуырда ғана белгілі болды» деп жазады. Сот кезінде Қалдыбаев пен адвокаты бұл жайлы айтып қана қоймай, сотқа медициналық анықтамалар да көрсеткен. Ол кезде судья мұны бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауға негіздеме ретінде санамаған болатын.

Енді «Казкоммерцбанк» Тайыр Қалдыбаев «кінәсін мойындап, қылығына шын өкінді әрі банкке материалдық шығынды толық өтеді» деп жазады.

Сот кезінде Тайыр Қалдыбаев, оның әйелі және үш адвокаты баспасөз өкілдерімен сөйлесуден бас тартқан. Шілденің 7-сі күні жесірі Лилия Қалдыбаева Азаттық тілшісіне өзі телефон соқты.

- Сізден оның тамаша адам болғанын, өте жақсы жандардан айырылып жатқанымызды, еліміз тамаша адамдарын жоғалтып жатқанын жазуыңызды сұраймын. Дөрекі сөздермен емес...Ол тамаша адам болатын... Егер мұндай жандардан айырыла берсек, еліміз жұтайды ғой. Бәріміз жетімсіреп қалдық, мен ғана емес, бүкіл отбасымыз, аралас-құралас болған жандардың бәрі жетімсіреп қалды. Ол қайда болмасын, жан-жағына шуақ шашып жүретін жан еді. Өте жомарт, тамаша адам болды. Оны не үшін осылай қудалады, не үшін керек болды? – дейді жылап сөйлеген Лилия Қалдыбаева.

Nakanune.kz. және "Республика" сайттарындағы "Казкоммерцбанкті" қаралайтын материалдардың тапсырыспен жазылғаны жайлы істе куәгер болған журналист Рафаэль Балгин.

Nakanune.kz. және "Республика" сайттарындағы "Казкоммерцбанкті" қаралайтын материалдардың тапсырыспен жазылғаны жайлы істе куәгер болған журналист Рафаэль Балгин.


«Казкоммерцбанктің» талап-арызына қатысты істе әуелі күдікті деп танылып, кейін куәгер санатына ауыстырылған алматылық тағы екі журналист - Рафаэль Балгин мен Махамбет Әуезов тергелген болатын. Сот «Тайыр Қалдыбаевтың өзі тікелей өтініш жасаған» деп болжаған Әуезовпен хабарласудың сәті түспеді. Іске қатысты тергелген тағы бір журналист Рафаэль Балгин туыс апайы қайтыс болғанын, сондықтан таяу күндері қаралы шараларды ұйымдастыру қарбаласынан босамайтынын айтты. Ертеректе «қылмысына шын өкініп» Алматыдағы тергеу абақтысынан босағаннан кейін Алматыда өткізген баспасөз жиынында Балгин «жұрт Қалдыбаевты онша танымайды, бірақ ол өте бай адам, жылжымайын мүлік саласында активтері мен кен орындарымен байланысты бизнесі бар» деп айтқан болатын.

Қазис Тоғызбаев.





Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар