Кәсіпкер, Ұлттық құрылтай мүшесі Сырымбек Тау әлеуметтік желілерде мәдениетке жат, жағымсыз контенттің көбейіп кеткенін айтып, бұл салаға қатаң шектеу енгізу қажет екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Шектеу қоятын кез келді деймін. Қалай емін-еркін боқтық сөздер айтылып жүр? Ал оны бес жастағы баладан сексен жастағы қарияларымызға дейін тыңдай береді”, - дейді ол.
Кәсіпкер мұндай ортада сөз бостандығы шектен шықпауы тиіс деп есептейді.
“Боқтық сөздер, арсыз насихаттар, жалаңаштанған адамдар - мұның бәрін өзіміздің ұлттық құндылығымызға, заманымызға сай қайта қарастыруымыз керек. Ондай нәрселерге шектеу қою қажет”, – деп қосты ол.
Сырымбек Таудың пікірінше, белгіленген талаптарға бағынбаған жағдайда әкімшілік шаралар күшейтілуі тиіс. Атап айтқанда, қоғамдық жұмысқа тарту, айыппұл салу, тіпті қажет болған жағдайда қамауға алу да қарастырылуы мүмкін.
“Егер бұған қазір шектеу қоймасақ, боқтық сөздер ертең қоғамда күнделікті қолданылатын қалыпты тілге айналып кетуі ықтимал”, – деді депутат.
Сонымен қатар ол әлеуметтік желілердегі жалған аккаунттар мәселесіне де назар аударды. Депутаттың айтуынша, қазіргі таңда аты-жөні белгісіз аккаунттар арқылы жала жабу мен жалған ақпарат тарату жиілеген.
“Әлемдік тәжірибеде Meta компаниясына ресми хат жолдап, жалған аккаунттарды белгілі бір елде пайдалануға шектеу қою тәжірибесі бар. Қазақстанда да жалған аккаунттан шыққан ақпаратты дереккөз ретінде қабылдамау тетігін енгізу керек. Қазір халық жалған ақпаратқа тез сенеді, ал оның көзіне қарасаң – жалған аккаунт”, – деп атап өтті ол.
Депутат бұл мәселелер ұлттық ақпараттық қауіпсіздік пен қоғамның рухани ахуалына тікелей әсер ететінін айтып, уәкілетті органдарды нақты шаралар қабылдауға шақырды.
