Жигулидің қылығы ұят болды. Жағымпаздық түбімізге жетеді - Амалбек Тшанов

Көркем Алдабергенова 04 ақп. 2025 10:27 157594

Саясаткер, мемлекет қайраткері Амалбек Тшанов жақында Мәжіліс төрағасын мақтаймын деп сөз естіп қалған депутат Жигули Дайрабаевтың әрекетіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Олай депутат болып отырғанша жерге кіріп кету керек қой. Депутаттың жұмысы бірін-бірі мақтау ма? Қазір Мәжіліс төрағасы болып отырған жігітті де жақсы білеміз. Біз депутат болып жүргенде үкіметтің өкілі болып жүретін азамат еді. Аспаннан салбырап... дегендей ешқандай артықшылығы жоқ. Ол да сіз бен біз сияқты адам. Қызметте отыр екен деп кіретін жерін іздеп жүру ешқандай этикетке жатпайды", - дейді Амалбек Тшанов Sadaq media Youtube арнасына берген сұхбатында. 

Тшан сонымен қатар экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың дәуіріндегі оғаштау, ерсіздеу мақтауларды да еске алды. 

"Назарбаев отырған кезде не айтылмады?! "Бізге Күннің керегі жоқ..." деді ғой. Бәрін қабылдады. Мырзатай көкеміз де (Мырзатай Жолдасбеков, ред.) "500 жылда түк істемеген елміз, сіз келген соң бәріміз аспанға ұшып жатырмыз" деді. Оны айтпаса да істеген ісің елге, халыққа қалады ғой. Оны елдің өзі-ақ айтады ертең. Көзінше бадырайтып мақтау қазақтың түбіне жететін нәрсе. 4-5 жыл мерзім берілді ме, одан артық ешкімді ұстауға болмайды. Кезектессін, жаңарып отырсын", - дейді саясаткер. 

Еске салайық, 17 қаңтарда мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановты орынсыз көп мақтаймын деп сөз естіп қалған болатын. 

"Президенттің депутаттардың жұмысына жоғары баға бергені – құрметті Ерлан Жақанұлы, сіздің мүлтіксіз беделіңіздің арқасы екені сөзсіз. Сол үшін сізге алғысымызды білдіреміз. Президентіміздің сұхбатында берген ақпарат, еліміздің келешектегі дамуына қатысты бағыт-бағдарлар, өңірлерде халықпен сындарлы кездесуге үлкен мүмкіндік туғызды. Өздеріңіз білетіндей, мен ақты ақ қараны қара деп айтатын азаматпын. Қандай-да бір жағымпаздану мақсатында мақтау айту — менің табиғатыма жат нәрсе. Халқымыз жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын деген…", — деген депутаттың сөзін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бөлген.

"Сауалыңызды жолдасаңызшы, бет албаты мақтамай", — деген болатын Мәжіліс төрағасы.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар