Журналистерге артылар жүк ауыр

Dalanews 03 қыр. 2022 13:06 751

Қазір әлем бұрын-соңды болмаған үлкен өзгерістерді бастан кешіруде. Жаһанда геосаяси ахуал шиеленісіп, турбуленттік кезеңнен қалай шығамыз деген мәселе барша елді алаңдатуда. Алысқа бармай-ақ көрші елдердегі күрделі жағдай көпке ой салмай қоймайды. Оның үстіне, қаңтар оқиғасынан бергі ахуал да қауіп бұлтының толық сейілмегенін көрсетуде. Тәуелсіздіктің тұрақтылығы үшін көптеген мәселеге басқаша қарауды талап етеді.

Осындай сыртқы әрі ішкі жағдайлар халық көңіліне алаң кіргізген сын сағатта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына кезекті жолдауын бұқара асыға күтті деуге болады.

Ел ертеңіне сенім күшейтіп, болашақтың көкжиектерін көкейге қондырған бағдарламалық құжатқа татитын Жолдауда көптен бері халықтың ойында жүрген өткір де өзекті мәселелердің дені қамтылған. Әлеуметтік салада бұқараның басым бөлігінің проблемасын нақты шешетін қадамдар жасалды. Қоғам тарапынан айтылып және де жиі талқыланып жүрген сұрақтарға да нақты жауаптар берілді.

Мәселен, ең төменгі жалақы деңгейін 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім 1,8 миллион азаматтың табысына тікелей әсер етеді.

Бұған қоса, Біріккен Араб Әмірліктерінде дүниеге келген әрбір баланың атына есеп-шоты ашылып, шикізаттан түскен қаржының белгілі бір бөлігі өскелең ұрпаққа аударылып тұратыны туралы аңыз іспетті әңгімені естімеген қазақстандық жоқ болар. Елімізде де сондай игілікті іс жасалады деп отыз жылда ойлаудың өзі мүмкін еместей көрінетін.

Президент болса, балалар жылы аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты ерекше бағдарлама жүзеге асырылатынын атап өтті.  Яғни Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударылмақ. 18 жасқа толғанға дейін жинақталған түсіміне жастар кейін баспана алып, білім алуға жұмсай алады. Бұл Қазақстан байлығының шын мәніндегі иесі халық екенін, болашағымыз - жастар екенін көрсететін үлкен  қадамдардың басы деп бағамдадым. Ендігі мәселе, Ұлттық қордың Норвегия еліндегідей тиімді инвестициялық түсім табуы үшін қаржылық САУАТТЫ жұмыс жүргізу.


Әйел-аналардың зейнетке шығу жасын төмендету жайы да қоғамда жиі көтеріліп, наразалықтарға себеп болып келе жатқан мәселелердің бірі болатын. Олардың зейнет жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдыру да дұрыс болды. Қазіргі кәсіби мамандар жетімсіздігі кезеңінде үлкен бетпұрыстарды бірден жасау оңай еместігін де көпшілік түсінеді. Бұл қадам мемлекет басшысының халықты алаңдататын маңызды мәселелерге құлақ асып, үнемі назарда ұстайтынының бір дәлелі десе болады.

Сондай-ақ әрбір аймақ пен елді мекенде бос жатқан немесе мақсатына сай игерілмей жатқан жерді арнайы комиссияның қайтарып алуы кәсіпкерлердің ғана емес, жалпы экономиканың бәсекеге қабілетін арттыра түседі. Сот жүйесіне, қаңтар оқиғасына, салық, мемлекеттік тапсырыс тағы басқа үлкен бастамалар ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН құрудың негізгі баспалдақтары екені айқын.

Республика Президенті келер жылы ең алдымен, ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырды. Алдағы екі жылда жырақтағы ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етіледі.  Мемлекет осылайша, бір миллионнан астам адамның алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуына мүмкіндік туғызбақ. Бұның өзі Президенттің орталықтардағы ғана емес, елдің әр қиырындағы проблемаларды жақсы білетінін, оларды шешуге тапсырма бере отырып шалғайдағы елді мекен тұрғындарының да игілікке бөленуіне жағдай жасап отырғанын нақты көрсетеді.

Сонымен қатар, жолдауда тіпті мектеп формасына, синтетикалық есірткіге қатысты әңгіменің айтылуы да Президенттің бұқаралық ақпарат құралдары жиі көтеріп жүрген, қоғам тұрақты айтып келе жатқан әрбір өткір мәселені жауапсыз қалдырмауға деген мақсаты байқалады.

Жасыратыны жоқ, біз көбінесе Жолдауларды пафосқа толы әңгімелер, бітпейтін стратегиялар мен алып уәделер мен жоба - жоспарларды естіп үйреніп қалғанымыз рас.


Ал мына жолдау Президенттің тіпті әрбір баланың тағдырына қатты алаңдайтынын ашық көрсетті. Сондай-ақ мәселенің ұсақ-түйек болып бөлінбейтінін, мемлекет барлығын шешу керек екенін нақты ұқтырды.

Құрметті әріптестер, бұл жерде бұқаралық ақпарат құралдары  әдеттегідей құр насихат ретінде жолдаудың маңызын жоғалтпай, керісінше мәнін ашып, зерделеп, халыққа адам тілінде нақты түсіндіруге көңіл бөлсе жақсы болар еді. Халыққа қазір құр насихат емес, ел-жұртпен бірге талқылау, айта - жаза отырып, ой тастау, түсіндіру міндеті тұр. Жолдаудың әр жолының астарында не жатқанын, нақты қандай мәселелерді шешу меңзеліп тұрғанын және оған қандай органдар жауапты екенін зерттеп, зерделей отырып, ақпаратты замануи тәсілдерді қолдана отырып бүгінгі контент тұтынушылардың психологиясына бейімдеп беру керек. Сонымен қатар, әрбір БАҚ қоғамдық бақылау миссиясына жауапты болу керек. Жолдау жүктеген міндеттерді іске асыру қандай деңгейде, кім, қалай, қашан қандай жұмыстар қолға алатындығына мониторинг жасап, бақылап, қадағалап отыруы тиіс.

Әрбірден соң журналистер қауымы ел ертеңіне деген жанашырлық пен жауапкершілікті әрқашан айқын сезінуі тиіс. Жылдар бойғы құмға сіңген құр насихат жұмысынан арылып,  жолдауды бірлесе іске асыруға қатысты журналистерді де,  халықты да шақырып, жұмылдыра алу керек деп ойлаймын. Осы тұрғыда, Бас редакторлар клубы еліміздің барлық БАҚ-тарымен бірігіп жұмыс істеуге дайын.

Жалған ақпараттың дәуірі жүріп жатыр. Ақпарат жасаушы әр адам түрлі медиа арқылы манипуляция жасап, жалған ақпар қаны жерге тамбайтын «тауарға» айналдыратынын талай көріп келеміз. 


Қазір жаңа медиа мен әлеуметтік желілер қарыштап дамып, таралып, айқайға аттан қосып, жел сөздер көбейіп тұрған кезең. Сондықтан  халыққа түсінікті ой айтып, шындықты дұрыс жеткізу арқылы ақпараттық сауаттылығын арттыру да біздің негізгі міндетіміз деп ойлаймын. Әрине, осындай тарихи сәтте жолдан қосылған блогерлер немесе өзге ақпарат дайындаушылар емес, нағыз кәсіби журналистер жауапкершілік жүгін сезіне отырып бұл іске белсенді түрде атсалысуы тиіс.

Өлара кезеңде жүргендегідей күйдегі халықтың ертеңге нық сеніммен әрі үкілі үмітпен қарауы көбіне біздің кәсіби деңгейміз бен Отан алдындағы жауапкершілігімізге байланысты екенін ұмытпайық. Сонда біз, әділетті мемлекет қалыптастырып, біртұтас ұлтымыздың берекелі қоғамда жасауына өз үлесімізді қосамыз.

Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ, Бас редакторлар клубының президенті, Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар