Ауылшаруашылығы министрлігі 2024 жылы елімізде жиналған жеміс-жидек пен көкөністер көлемі ішкі сұранысты қанағаттандырып, тіпті одан да асып түсетінін де айтады, деп жазады Dalanews.kz.
Ауылшаруашылығы министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл шаруалар 2,9 млн тонна картоп, 1,1 млн тонна пияз, 498 мың тонна қырыққабат, 474 мың тонна сәбіз жинап алды. Бұл еліміздің тұрғындарының қажеттілігі деңгейінен едәуір асып түседі. Бұл ретте Ресей Федерациясы мен Беларусь тарапынан 150 мың тонна картоп, 80 мың тонна пияз, басқа да көкөністер мен алмаларды келісімшартпен алуға сұраныс бар.
"Біз ел тұрғындарының сұранысы көлемінен едәуір жоғары көкөніс өнімдерін жинадық, көршілес елдерімізден, Ресейден және Беларусьтен көкөністерге сұраныс бар. Біздің фермерлерге артық өнімді экспортқа өткізуге мүмкіндік беру керек. Ауыл шаруашылығы министрлігі әкімдіктер деңгейінде келесі мәселені пысықтауы қажет: фермерлер тұрақтандыру қорларындағы қорды қоспағанда экспортқа қанша көкөніс сатуға және келісімшарт ұйымдастыруға дайын", — деді Серік Жұманғарин.
Аграрлы саласы бізге қарағанда әлдеқайда мықты Ресейде, шынымен де осы өнімдер өндірісінде мәселе бар ма? Мәселен,Ресейде картоп тұтынысы жылына шамамен 8 миллион тоннадан немесе бір адамға орта есеппен 56 келіден келеді екен. Жергілікті БАҚ мәліметтерінше, 2024 жылы Ресей Федерациясында 14-15 миллион тонна картоп жиналған. Сарапшылар бұл көлем Ресейдің өзін-өзі толық қамтамасыз ету үшін жеткілікті екенін айтады. Ал сырттан алдыртуға көктемдегі тұқымдық ассортиментін түрлендіру үшін қажет көрінеді.