ҚР Премьер-министрінің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин "Бәйтерек" ҰБХ директорлар кеңесінің құрамына алынды. Керісінше, холдингтің директорлар кеңесінен экс-министр Нұрлан Байбазаров шығарылды, деп жазады Dalanews.kz.
Еске сала кетсек, 2024 жылдың желтоқсан айының ортасында (қараша айының соңындағы теңге девальвациясынан соң) Қазақстан Президентінің Жарлығымен Нұрлан Байбазаров ҚР Премьер-министрінің орынбасары — Ұлттық экономика министрі лауазымынан босатылған еді. Іле-шала оның орнынан Серік Жұманғарин басты. Соған қарағанда "Бәйтеректегі" ауыс-түйіс те сол кездегі кадрлық өзгерістің жалғасы іспетті.
Жалпы, ұлттық басқару холдингтің директорлар кеңесі 10 адамнан тұрады. Олардың қатарында Жұманғариннен бөлек Үкімет басшысы Олжас Бектенов, ҚР Президентінің кеңесшісі Ерұлан Жамаубаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр, Қаржы министрі Мәди Такиев, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, "Бәйтерек" ҰБХ басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин және үш резидент емес тұлға бар: Даниэль А.Витт, Мэри-Елена Берар және Манфред Грундке.
2024 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша ҰБХ-ның жай акцияларының 100%-ы ҚР ҚМ Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің иелігінде болып табылады.
Айта кетсек, Қазақстан экономикасының бетке ұстар – ұлттық компанияларының рентабельділігі мен табысы биыл, яғни 2024 жылдың бойында тек төмендеумен болған. Сарапшылар бұл ұлттық компанияларды басқарушы "Бәйтерек" холдингінің және оның жалғыз акционері Үкіметтің олқылығы болуы керек деп санайды. Осы жағынан алғанда, жыл соңында Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың қызметінен кетуі кездейсоқтық емес екені айтылған. Бұл туралы сайтымыздағы "Ұлттық компанияларға не болған? Депутаттар неге үнсіз" деген мақаладан оқып-біле аласыздар. Сондай-ақ осы тақырыппен байланысты "Маман антирекорд тіркеген ТШИ-ға қатысты Үкіметте еш саспайтындар барын айтты" деген мақаламен де таныссаңыздар болады. Иә, Ұлттық банк деректеріне сәйкес, Қазақстан экономикасына тартылған жалпы тікелей шетелдік инвестициялар (ТШИ) көлемі де 2024 жылдың 9 айында қатты төмендеген...