Елімізде соңғы жылдары мүгедек балалар санының тез артып кетуі байқалып отыр. 2017 жылы тек церебральды сал ауруы бар балалар 1993 жылмен салыстырғанда 3,6 есе көбейгенін статистика байқатып отыр. 2021 жылы 13 131 бала алғаш рет "мүгедек" мәртебесін алған. Одан бері де бұл көрсеткіш артып барады. Жыл сайын елімізде туа біткен және тұқым қуалайтын аурулары бар 3500-ге жуық бала туады екен. Мүмкіндігі шектеулі мектеп жасына дейінгі балалардың саны жыл сайын алты мыңға артып келе жатыр.
Дәл қазіргі таңда Қазақстанда туғаннан бастап 18 жасқа дейінгі 101 587-ден астам бала "мүгедек" мәртебесіне ие. Яғни, жүз мыңнан астам мүгедек бала бар елімізде.
Шын мәнінде бұл стаститика шынымен қорқынышты! Жүз мың адам дегеніміз бұл Рудный, Екібастұз, Жезқазған секілді шамамен бір қаланың халқы екенін ескерсек, статистиканың оғай емес екенін байқайсыз. Неге елімізде туабітті ауру балалар саны артып кетті? Мамандардың да пікірін сұарп көрген едік.
Өз кезегінде Dalanews.kz ақпараттық агенттігіне білікті дәрігер-педиатр Гүлназ Тілекова былайша жауап берді:
– Расында да қазір туабітті мүгедектігі бар балалар көбейіп кетті. Оған түрлі жағдайлар әсер етуі мүмкін. Соның ішінде ең бірінші себептерінің бірі отбасын жауапты жоспарлау мәдениетінің болмауы. Қыз да жігіт те денсаулығын алдын ала тексертпестен үйленіп алады да, аяғы ауыр болады. Нәтижесінде алдын ала жоспарланбаған жүктіліктен денсаулығында дімкәстігі бар балалар дүниеге келіп жатады.
Шын мәнінде болашақ әкелер мен аналар жүктілікті жауапкершілікпен алдын ала жоспарлауы керек. Баланы шала тумау, жүрегінде немесе басында психикалық бұзылыстары бар нәресте дүниеге келмеуі үшін алдын ала баланы жасама тұрып ойлану керек.
Өмірге ерекше баланың келуі ата-ана үшін де, қоғам үшін де мемлекет үшін оңай шаруа емес. Сондықтан алдын ала баланың денсаулығы туралы бала жасамай тұрып ойлану керек.
Балалар арасындағы мүгедектіктің алдын-алу тұжырымдамасы ең алдымен баланы жоспарлаудан басталуы керек. Еліміздің тұрғындары арасында отбасын жауапты жоспарлау мәдениетін белсенді қалыптастыру қажет.
Бұл әдетке, қалыпты жағдайға айналуы қажет. Қыз бен жігітке алдын ала жүктілікті дұрыс жоспарлауға көмектесетін, скринингтер мен ультрадыбыстық тексерулерден қалай өту керектігі, босануға қалай дайындалу керектігі және дені сау балаларды өмірге әкелуге қатысты орталықтар жұмысын күшейту керек, – дейді Гүлназ Тілекова ханым.
Білікті маманның айтуынша, нәресте құрсақта жатқанда баланың дамуын, оның бойында қандай да бір өзгерістердің бар жоғын туа сала денсаулығындағы ауыр бұзылыстарын ерте анықтау жұмыстарын жүргізудің маңызы зор.
Педиатриялық көмек стандартында жаңа туған нәрестелерді неонатальды, офтальмологиялық және аудиологиялық скринингтер барлық перзентханаларда міндетті түрде жүргізілуі керек екендігі көрсетілген. Алайда іс жүзінде аудиологиялық және офтальмологиялық скринингтер негізінен шала туылған нәрестелер үшін тәуекел топтары бойынша ғана іріктеп жүргізіледі. Нәтижесінде ана өмірге дені сау бала әкеле алмағандығын бірнеше жылдан соң ғана біліп жатады.
Ал ондай бұзылыстар болып алдын ала анықталса емдеуде қиындай түседі екен. Мамандар бізде кей жағдайда бала дамуының кешеуілдеп жатқанын тек кейінірек біліп қайғырып жатады, қарсыласады, дәрігерлерді кінәлайды.
Ал шын мәнінде ол о баста іште дұрыс дамымаған. Сондықтан осындай мәселелер тезірек шешу керек. Рас, бұдан басқа баланың өмірге қандай да бір ақауларымен келуінің себептері көп. Экология, тамақ сапасы, тұымқуалаушылық болуы да мүмкін. Бірақ мәселенің шығу төркіні тереңде екен деп қол қусырып қарап отыруға болмайды.
Өмірге дені сау бала әкелу үшін әлі де болса көптеген жұмыстар жасалап, ана мен бала денсаулығына қамқорлықты арттыра беруіміз қажет. Бала өлімін азайту секілді өмірге дені сау бала әкелу секілді мемлекеттік бағдарламалар да қабылдануы қажет. Бұл бағытта тіпті анаға тегін дәрумендер таратуды да ойластыру қажет.
Өйткені қазір тұрмысы төмен отбасыларда аяғы ауыр аналарымыз ана мен балаға қажетті дәрумені мол тамақ іше бермейді. Қазір мүгедектіктің алдын алу үшін көптеген елдер түрлі бағытта қамқорлық жұмыстарын жасап жатыр, Солардың тәжірибесімен алмасып, еліміздегі мүгедектік деңгейін төмендетуді қолға алуға тырысумыз қажет.
Мемлекеттің ең басты байлығы адам десек. Еліміздегі азаматтардың сапалы ұрпақ, дені сау болуының маңызы зор! Қазіргі таңда елімізде осы бағытта атқарылып жатқан шаралар жемісін беріп, мүгедектік сатистикасын жақсарту уақыт талабы. Сондықтан қоғамымызда тең қоғам қалыптастырып, инклюзивті қоғам құру жұмыстарымен бірге мүгедектіктің алдын алу жұмыстарын да жүргізе беруіміз қажет.