Қазақстан мен Иран көлік дәліздерін, порт инфрақұрылымын және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға жаңа серпін беруге ниетті. Тараптар кейінгі жылдары Еуразия логистикасындағы негізгі бағыттардың біріне айналған "Солтүстік – Оңтүстік" халықаралық дәлізіне ерекше назар аударып отыр. Тауар айналымы артуы, жүк тасымалы көлемі өсуі және жаңа инфрақұрылымдық жобалар екі елге сауда мен транзитті кеңейтуге қосымша мүмкіндік ашып отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ынтымақтастықты дамыту мәселелерін Қазақстан премьер-министрінің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен Иран Ислам Республикасының жол және қала құрылысы министрі Фарзане Садек талқылады.
Үкіметтің баспасөз қызметі мәліметінше, кездесу барысында тараптар 2025 жылғы желтоқсанда Иран президентінің Қазақстанға ресми сапары кезінде Мемлекет басшылары қол жеткізген келісімдерді іске асыру жайын қарастырған. Келіссөздердің негізгі тақырыптары "Солтүстік – Оңтүстік" халықаралық көлік дәлізін дамыту, порт инфрақұрылымын жаңғырту, көлік-логистикалық байланыстарды кеңейту және өзара сауда көлемін ұлғайту болды.
Серік Жұманғарин Иран Қазақстан үшін өңірдегі маңызды сауда-экономикалық серіктестердің бірі екенін айтты.
"Ынтымақтастықты нығайту - Мемлекет басшылары айқындаған стратегиялық міндет. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы 26,4 пайызға өсіп, 430,2 миллион долларға жетті. Бұл өзара сауданы 3 миллиард долларға дейін жеткізу жөніндегі жол картасы мен Иран мен ЕАЭО арасындағы еркін сауда туралы келісім аясында әлеует жоғары екенін көрсетеді", – деді Серік Жұманғарин.
Өз кезегінде Фарзане Садек сапарының мақсаты бұған дейін қол жеткізілген келісімдерді іс жүзінде жүзеге асыру және екі мемлекет арасындағы көлік-логистикалық өзара байланысты одан әрі дамыту екенін мәлімдеді.
Келіссөздер барысында "Солтүстік – Оңтүстік" халықаралық көлік дәлізіне ерекше көңіл бөлінді. Географиялық орналасуына байланысты Қазақстан мен Иран - Еуропа, Орталық Азия, Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия нарықтарын байланыстыратын "Солтүстік – Оңтүстік" және "Шығыс – Батыс" бағыттарының маңызды қатысушылары.
2025 жылдың қорытындысы бойынша "Солтүстік – Оңтүстік" дәлізі арқылы тасымалданған жүк көлемі 12 пайызға өсіп, 3,5 миллион тоннаға жетті. Ал Қазақстан мен Иран арасындағы теміржол тасымалы 69 пайызға артқан. Бұл бизнес өкілдерінің осы бағытқа қызығушылығы күшейгенін көрсетеді.
Дәліздің әлеуетін толық пайдалану үшін Қазақстан тарапы инфрақұрылымды жаңғыртуға арналған бірлескен жол картасын әзірлеуді ұсынды. Жоспарланған шаралар іске асса, бағыттың өткізу мүмкіндігі жылына 20 миллион тонна жүкке дейін ұлғаяды.
Келіссөздердің маңызды тақырыптарының бірі порт инфрақұрылымын дамыту болды. Иран тарапы Бендер-Аббас қаласындағы Шахид Раджаи портынан Қазақстанға жер телімін беру мәселесі толық келісілгенін хабарлады. Қажет рәсімдер аяқталған соң осы аумақ ресми түрде Қазақстанның қарамағына өтеді.