Сенат депутаты Марат Қожаев жол қозғалысы ережелерін (ЖҚЕ) жиі бұзатын жүргізушілерге айыппұл төлеу кезінде берілетін 50% жеңілдікті алып тастауды ұсынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Жүргізушілердің жауапкершілігін күшейту мәселесін қарастыруды ұсынамыз, әсіресе техникалық құралдар арқылы тіркелген заң бұзушылықтарға қатысты. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске (ӘҚБтК) өзгерістер енгізу кезінде он және одан да көп рет ЖҚЕ бұзған жүргізушілерді міндетті түрде теориялық емтиханды қайта тапсыруға жіберу нормасын қарастыру қажет. Сондай-ақ камералар арқылы тіркелген қайталанған құқықбұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейтіп, тіпті уақытша жүргізуші куәлігінен айыру мәселесін көтеру керек. Жүйелі түрде заң бұзатын жүргізушілерге 50% жеңілдікті міндетті түрде алып тастау қажет”, – деді Қожаев.
Депутаттың айтуынша, айыппұл жүйелі заң бұзушылықтардың алдын алудың тиімді тәсілі бола алмайды. Жол қозғалысы ережелерін бұзу жағдайлары көбейгенімен, бұл қайталанатын құқықбұзушылықтарды азайтуға айтарлықтай ықпал етіп отырған жоқ.
“Техникалық құралдар автоматты режимде тіркеген құқықбұзушылықтардың жалпы саны 3 708 084 жағдайды құрайды. Қолданыстағы заңнамалық тәжірибе жүйелі ереже бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік бермейді, өйткені техникалық құралдар тіркеген заң бұзушылықтар үшін айыппұл көлік құралының иесіне жазылады, бірақ жүргізушінің заң бұзушылық тарихы ескерілмейді. Сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін жүйелі түрде бұзатын жүргізушілерді қайта емтихан тапсыруға міндеттейтін норма жоқ. Сонымен қатар, техникалық құралдар ереже бұзушылық фактісін ғана тіркейді, бірақ жүргізушінің біліктілік деңгейін және жолдағы қауіпті әрекеттерге бейімділігін бағалай алмайды”, – деп түсіндірді сенатор.
Қожаев қаржылық мүмкіндігі жоғары кейбір жүргізушілер айыппұлды жауапкершіліктен жалтарудың әдеттегі құралы ретінде қабылдайтынын атап өтті. Мысалы, Алматыда бір жүргізушінің бір жыл ішінде 143 рет ереже бұзып, 3 миллион теңгеден астам айыппұл төлегені анықталған.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында сенатор мұндай жүргізушілерді міндетті түрде қайта емтихан тапсыруға жіберуді, ал қажет болған жағдайда жүргізуші куәлігінен айыруды ұсынды.