Қазақстанда қазылар алқасына сотталғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босату, жаза мерзімін қысқарту және оны жеңіл түрге ауыстыру құқығын беру ұсынылды. Бұл бастама Мәжіліс депутаттары әзірлеген заң жобасында қарастырылған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Қылмыстық заңнаманы одан әрі жетілдіру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына сәйкес, жаңа жүйе пилоттық режимде 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Актөбе, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында және Шымкент қаласында іске қосылмақ. Пилоттық кезең екі жылға созылады, яғни 2028 жылдың 1 қаңтарына дейін жалғасады.
Депутаттардың айтуынша, қазіргі таңда шартты түрде босату немесе жазаны жеңілдету мәселелері соттарда қоғамдық бақылаусыз қаралады. Өтініштерді сотталғандар тікелей береді, ал прокурор тек хабардар етіледі. Сондықтан бұл процесте қоғам өкілдерін тарту үшін қазылар алқасының қатысуын енгізу ұсынылып отыр.
Жаңа жүйеге сай, мұндай істерді алты қазылар алқасы мүшесі және бір судьядан тұратын құрам қарайтын болады.
Мәжілісмендер атап өткендей, мұндай тәжірибе Ұлыбритания, Франция, Канада және Жаңа Зеландия сияқты елдерде бұрыннан бар және оң нәтижесін көрсетті.
"Мысалы, АҚШ-та сотталғандардың шартты түрде босатылуы сот арқылы емес, арнайы комиссиялар арқылы жүзеге асады. Олар үміткердің бостандыққа шыққаннан кейінгі жоспарын, тұрғылықты жерін және әлеуметтік бейімделу мүмкіндігін ескереді", — делінген заң жобасында.
Пилоттық жобаның мақсаты — қоғам мен сот арасындағы ашықтықты арттыру және әділ шешім қабылдау жүйесін жетілдіру.