Жетісу облысында қызметін асыра пайдаланған шенеунік сотталып кетті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Алакөл ауданының Арқарлы ауылында электр желілерін салу және қайта жаңғырту кезінде аудан әкімінің орынбасары қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, іс жүзінде орындалмаған жұмыстар туралы актілерге қол қойған.
"Нәтижесінде бюджет есебінен 189 млн теңгеден аса сома заңсыз аударылған. Мемлекеттік айыптау лауазымды тұлғаның кінәсін толық дәлелдеді", - деп жазылған хабарламада.
Алакөл аудандық сотының үкімімен аудан әкімінің орынбасары мүлкін тәркілемей, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметте, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
