Маңғыстау облысындағы Жетібай кентінде TechnoTrading LTD компаниясының ондаған жұмысшысы тоқсан сайын берілетін сыйақыны төлеуді, жалақыларын көтеруді, жұмысшыларды қудалауды тоқтатуды талап етіп, жұмысты тоқтатты.
Techno Trading LTD кәсіпорнында электрик болып істейтін Ерлан Кенжебектің хабарлауынша, жұмысшылар 1 маусымнан бастап жұмысқа шықпаған. Жұмысшылар Жетібай және Қызылтөбе ауылдарында төрт цехтың жұмысы тоқтап тұрғанын, әр цехта 50-ге дейін жұмысшы барын айтады.
Жұмысшылар жалақысын 35 пайызға көбейтуді, тоқсандық сыйақыларын беруді, жұмысшыларды қудалауды тоқтатуды талап етеді. Олар сонымен қатар компанияда радиация, цех ішіндегі қауіпті жерлердің жөнделмеуі сияқты қауіпті факторлар ескерілмейді дейді.
Techno Trading компаниясындағы жұмысшылар наразылығы былтырдан бері жалғасып келеді. Бірнеше мәрте митинг өткізген жұмысшылар жұмыс орындарын қысқартпауды, әлеуметтік төлемдер мен тоқсандық сыйақыларын тұрақты төлеуді, жалақыны көбейтуді, наразылық шарасынан кейінгі қысымды тоқтатуды талап еткен.
Наразылық акциясынан соң алты жұмысшыны жұмыстан босатқан. Олардың қайта жұмысқа алу жөніндегі шағымын қараған Мұнайлы аудандық соты компания басшылығының бұйрығын қуаттап шешім шығарған.
Ал мекеме басшылығы журналистерге түсініктеме беруден бас тартқан.