Алматыда бұрынғы бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың аталас туысы Талғат Махатовқа тағы бір айып тағылды, деп хабарлайды Dalanews.kz Time.kz порталына сілтеп.
Алматы қаласындағы №2 Бостандық аудандық сотының судьясы Роман Селицкий Талғат Махатовтың қылмыстық әрекеттерін 87 беттен тұратын үкімге әрең сыйғызды. Өзін “ҚР Қаржы полициясы генералы Қайрат Қожамжаровтың інісімін” деп таныстырған Махатов бір кездері ел алдында сыбайлас жемқорлықпен күрестің символы саналса, бүгінде қатарынан үш ауыр үкім бойынша жазасын өтеушіге айналды.
Махатов бұған дейін:
• “Караваншылар” ісі бойынша басты куәгер Медет Жамашевты өлтіргені үшін – 20 жылға,
• Қанды Қаңтар оқиғасына қатысқаны үшін – 15 жылға,
• Аса ірі алаяқтық, заңсыз қару мен жарылғыш заттарды сақтау, билік өкіліне күш қолдану бойынша – 11 жылға сотталған еді.
Барлық жаза мерзімдері біріктіріліп, судья Селицкийдің үкімімен Махатов жалпы 24 жылға бас бостандығынан айырылды.
Миллион долларлық алаяқтық
2018 жылы Махатов Алматыда кәсіпкер Мақсат Ағайдаровпен кездеседі. Ол бұған дейін Тараздағы “Олимпик” спорт кешенін мемлекетке 800 миллион теңгеге сатқан еді. Махатов сол сәтте қитұрқы жоспар ойлап тауып, кәсіпкерді салық органдарынан туындауы мүмкін мәселелермен қорқытып, оларды шешу үшін сол кездегі Бас прокурор (яғни, ағасы Қайрат Қожамжаров) арқылы мәселені шешуге уәде береді. Бағасы — 600 мың доллар.
Сеніп қалған кәсіпкер ұлымен бірге автотұрақта рюкзакқа салып берген долларды қолма-қол береді (сол кездегі курс бойынша 201 млн теңгеден астам). Бірнеше күннен кейін Махатов тағы 400 мың доллар сұрап, оларды да иемденіп алады. Барлығы — 1 миллион доллар.
Осылайша алаяқтық жалғаса береді…
Махатов бір айдан соң Қордайда кәсіпкермен қайта кездесіп, жалған әңгіме айтады.
“Бас прокурордың інісі тендер жеңіп алыпты. Бірақ кепілдікке 700 млн теңге керек. Егер көмектессеңдер, сендерге 5 миллиард теңгенің қосалқы келісімшартын берем”, — дейді ол.
Нәтижесінде кәсіпкер тағы да:
• 900 мың доллар,
• 720 мың доллар,
• Және кейінірек 214 мың долларды береді.
Жалпы, Махатов бұл азаматтан 2,9 миллион доллар (1 миллиард теңгеден астам) ақша алған. Ақшаның бірде-бір тиыны айтылған мақсаттарға жұмсалмаған.
Жалған аударымдар мен халықаралық алаяқтық
2019 жылы Махатов Наталья Кобзева есімді алаяқпен танысады. Ол жалған шот-фактуралар жасап, “қолма қол ақша шешумен” айналысатын. Махатов Қытаймен ақша аудару бағытын жақсы білетін. Осы бағытта тағы бірнеше тұлғалармен (Кибиров, Шамсутдинов, Мальцев) байланыс орнатады.
Махатов оларға Қытайға үлкен көлемде ақша аударғандай болып көрінетін жалған банк құжаттарын жасап береді. Мұны Кобзева мен үш рет сотталған Жанна Масимова дайындайды.
Нәтижесінде:
• Қытайға жалған құжатпен 2,9 млн доллар,
• Жалпы жалған банк аударымдары бойынша 6,3 млн доллардың құжаты жасалған.
Махатов бұл құжаттарды пайдаланып, серіктестерінен қолма-қол ақша талап етіп, оны үш түрлі орыннан алады:
• Паркингте — 650 мың доллар,
• Жанармай бекетінде — 1 млн доллар,
• Кафеде — қалған сома.
Барлығы – 2,4 млн доллар.
Кейінірек серіктестері SWIFT құжаттарының шынайы еместігін байқап, түсініктеме талап етеді. Осы кезде Масимова өзін банк менеджері ретінде таныстырып, бәрін сендіреді. Махатов болса жаңа өтірік ойлап тауып, “Bonatti S.p.A. – Қазақстан филиалымен” дау бар екенін, соны шешу үшін 2 млн доллар сұрайды. Серіктестер тағы да сеніп қалып, ақша береді.
Жалпы алғанда, Талғат Махатов пен оның сыбайластары Щимаров пен Кибировтан 2,86 млн долларды (970 млн теңге) заңсыз жолмен иемденген.
Бұл — бүгінгі күні ел аузында “батыр агент”, “жемқорлықпен күрескер” ретінде белгілі болған адамның нақты сот үкімінде дәлелденген істері. Кезінде жоғары лауазым иелері мен ықпалды тұлғалар сенім артқан адамның қандай ауқымдағы алаяқтық схемаларды жүргізіп келгені енді ғана анық көрініп отыр.