Жаңартылған энергия көздері: елімізде қанша адам Үкіметтен тоқ алмайды

Кәмшат Тілеухан 22 там. 2025 12:03

Энергетика министрлігі жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) саласы қалай белсенді дамытып жатқанын айтты. Мәселен, құзырлы ведомство мәліметінше, бүгінде елімізде жалпы қуаты 3122 МВт болатын 156 ЖЭК нысаны жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

2024 жылы ЖЭК арқылы өндірілген электр энергиясының көлемі 7,58 млрд кВт·сағатты құрап, жалпы өндірістің 6,43%-ын қамтыды.

"2025 жылы жалпы қуаты 455 МВт болатын 9 жаңа нысанды іске қосу жоспарланған. Оның үшеуі (90 МВт) қазірдің өзінде пайдалануға берілді. Қазақстан шетелдік инвесторлармен тығыз жұмыс істеуде. Қазіргі таңда олардың инвестициялық жобалар портфелі шамамен 4,8 ГВт-ты құрайды. Жоспар бойынша 2035 жылға дейін елімізде кемінде 8,4 ГВт ЖЭК қуаты іске қосылады", деп нақтылайды салалық министрлік.


Сонымен қатар шағын көлемдегі электр өндіру саласы да дамып келеді. Нетто-тұтынушылар механизмі азаматтар мен бизнес өкілдеріне өздерінің күн немесе жел электр станцияларын қолданып, артық энергияны электр желісіне сатып, табыс табуға мүмкіндік береді.

"2024 жылы мұндай келісімшарттардың саны 47-ден 103-ке жетті. Ал шағын нысандардың жалпы қуаты 6,2 МВт-қа дейін артты", - дейді министрліктен.


Қазақстан тұрақты даму мақсаттарына жоспарлы түрде ілгерілеп, энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып келеді. ЖЭК жобаларын жүзеге асыру — энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестиция тартуға және заманауи "жасыл" экономиканы қалыптастыруға ықпал етеді.

Бұған дейін Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов жеке үйлердің иелері күн батареяларынан ақша табуына болатынын айтқан. Алайда олар бұл туралы әлі көп біле бермейді немесе оған деген қатты қызығушылығы жоқ. Өйткені мұндай тәсілді қолданушылар елімізде әлі аз екен.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар