Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Атырау облысында жоғалған отбасыға қатысты жаңа деректі айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Санжар Әділовтің айтуынша, бұл іс бойынша күдіктілер Индонезия аумағында ұсталған. Оның сөзінше, қазақстандық полицейлер Интерпол және Индонезия құқық қорғау органдарымен бірлесіп, ауқымды жұмыс жүргізген.
"Жақын уақытта оларды Қазақстанға жеткізу жоспарланып отыр. Экстрадициялау және елге қайтару мәселесі шешіліп жатыр", - деді ведомство өкілі.
Министрлік мәліметінше, ерлі-зайыпты бұл іс бойынша күдікті мәртебесіне ие. Ал із-түзсіз кеткен тағы екі адамды іздеу жалғасып жатыр. Атырау облысында арнайы тергеу жедел тобы жұмыс істеп жатқаны айтылды.
Еске салайық, 24 ақпанда Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері шетелдік әріптестермен өзара іс-қимыл нәтижесінде Индонезия Республикасының Ломбок аралындағы Сенару ауылында аса ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілінген ер адамды ұстағаны хабарланды. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі бойынша күдікке ілінген.
Онымен бірге бұған дейін хабар-ошарсыз кетті деп халықаралық іздеу жарияланған бұрынғы жұбайы да анықталған.
