Полиция азаматтарды көшедегі күмәнді QR кодтарды сканерлеуден аулақ болуға шақырды. Мамандардың айтуынша, алаяқтар бұл технологияны адамдардың жеке мәліметін ұрлау үшін жиі пайдаланып жүр, деп хабарлайды dalanews.kz.
ІІМ мәліметінше, қаскөйлер аялдамаларда, кірберісте, жарнама тақталары мен басқа да қоғамдық орындардағы түпнұсқа QR кодтардың орнына жалған код жапсырады. Оларды сканерлеген адам алаяқтардың сайтына өтіп, өзі байқамай жеке дерегін немесе банк картасының мәліметін енгізіп қоюы мүмкін. Кей жағдайда төлем жасаған ақша да қылмыскерлердің есепшотына түседі.
Полиция күмәнді QR кодтарды бірнеше белгі арқылы ажыратуға болатынын айтты. Мәселен, код басқа жарнаманың үстіне жапсырылуы, ұйымның атауы мен байланыс дерегі көрсетілмеуі немесе "Сыйлық алыңыз", "Тек бүгін", "Жедел сканерлеңіз" деген сияқты асықтыратын мәтіндер болуы күдік тудыруға тиіс.
Осыған байланысты азаматтарға белгісіз QR кодтарды сканерлемеу, ашылған сілтеменің мекенжайын мұқият тексеру, күмәнді сайттарға жеке және банк дерегін енгізбеу, сондай-ақ, белгісіз қосымшаларды орнатпауға кеңес берілді.
Полиция тұрғындарды қырағылық танытып, интернет алаяқтардың арбауына түспеуге шақырды.