Google салығы Қазақстан бюджетін 111,6 млрд теңгемен толықтырды

Кәмшат Тілеухан 02 қаз. 2025 10:28

Қазақстанда шетелдік интернет-платформаларға ҚҚС енгізілген сәттен бастап 116 компания шартты тіркеуден өтті. Бұл шара цифрлық экономиканың әлемдік ірі ойыншыларын салық өрісіне тартуға мүмкіндік берді. 2025 жылы 18 жаңа шетелдік компания тіркелді, бұл салықтық әкімшілендірудің қамту ауқымының өскенін көрсетеді, деп хабарлайды Dalanews.kz

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, салық енгізілген күннен бастап шетелдік интернет-компаниялар Қазақстан Республикасының бюджетіне 111,6 млрд теңге төледі.  Тек 2025 жылдың өзінде түсімдер 41,8 млрд теңгені құрады, бұл 2024 жылғы көрсеткішпен (23 млрд теңге) салыстырғанда 18 млрд теңгеге көп.

2025 жылғы ірі салық төлеушілердің қатарына мыналар кірді: Temu – 6,2 млрд теңге, Valve Corporation – 5,3 млрд теңге, Apple – 5,2 млрд теңге.

Сондай-ақ Қазақстан бюджетіне салық төлей бастаған жаңа шетелдік интернет-компаниялардың ішінде ерекше атап өтуге болады:

Next Retail Ltd. – халықаралық онлайн-киім және аксессуарлар ритейлері, 283 млн теңге төледі,Alibaba.com – ең ірі сауда интернет-платформасы, 142 млн теңге төледі.

Салық тәртібін күшейту және адал салық төлеушілердің мүдделерін қорғау мақсатында 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа шаралар енгізіледі.

Атап айтқанда:

  • ҚҚС төлеуден жалтарған немесе шартты тіркеу міндетін орындамаған шетелдік интернет-компанияларға Қазақстан Республикасының аумағында блок қою шаралары қолданылатын болады,
  • мұндай компаниялардың тізімі уәкілетті органмен қалыптастырылып, ресми интернет-ресурста ашық түрде жарияланады.
"Аталған шараларды қабылдау әділ бәсекелестік ортасын қалыптастыруға, бизнес жүргізу үшін тең жағдайларды қамтамасыз етуге және Қазақстанның цифрлық экономикасын одан әрі дамытуға бағытталған", делінген хабарламада.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар