Transparency International халықаралық антикоррупциялық ұйымының мүшесі Әсел Темірова бұрынғы қаржы полициясы қызметкері Мақсат Дүйсенов туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ол әлеуметтік желідегі жазбасында өзіне қатысты айтылған видеодан кейін Германия полициясына жүгінгенін хабарлады. Темірованың айтуынша, қазақстандық журналистер оған Дүйсенов түскен кезекті видеоны жіберіп, пікір сұраған.
«Шынымды айтсам, ол видеоны қараған да жоқпын. Материалдарды бірден полицияға тапсырдым», – деді ол.
Оның сөзінше, кейін үш сағат бойы түсініктеме беруге мәжбүр болған. Әсел Темірова Германияда Мақсат Дүйсеновке қатысты жала жабу және өміріне қауіп төндіру фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелгенін айтты.
«22:51-де қылмыстық іс ресми тіркелді. Сол күні Дүйсеновке kontaktverbot, яғни байланысқа шығуға тыйым салу шарасы қолданылды», – деп жазды ол.
Темірова енді Дүйсенов заңды бұзбауы тиіс екенін атап өтті. Әсел Темірова бұрынғы Алматы қаржы полициясының басшысы Германияда саяси баспана сұрап жүргенін айтты.
Оның сөзінше, Дүйсенов Қазақстанда өзіне Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті тарапынан қауіп бар екенін мәлімдеген. Алайда сонымен қатар өзі басқа адамдарға ашық түрде қоқан-лоқы көрсетіп отырғанын айтты.
«Ол мені жауларының тізіміне қосқанын өзі жария түрде айтып отыр. Тіпті достарының маған қарсы “бірнәрсе ұйымдастыруды” ұсынғанын да жасырмады», – деді Темірова.
Темірова Дүйсеновтің достарына да үндеу жасады.
«Қылмыс жасауға бармас бұрын екі рет ойланыңыздар. Мен үнсіз қалатын адамдардың қатарынан емеспін», – деді ол.
Сонымен қатар ол әлеуметтік желідегі тартыстарға араласқысы келмейтінін айтты.
«Диванда отырып айтысу – менің бағытым емес. Оның үстіне бұл адамдардың өмірбаянын ескерсек, мұның бәрі жалықтырды. Сондықтан олармен Германияның құқық қорғау органдары айналыссын», – деп жазды Темірова.
Әсел Темірова Қазақстанның құқық қорғау органдары мен азаматтық қоғамына да үндеу жасады. Оның айтуынша, Дүйсенов Германияда отырып адамдарға камера алдында қоқан-лоқы көрсетіп жүр.
«Егер Қазақстандағы институттар шынымен сыбайлас жемқорлықпен күресіп, заң үстемдігін қолдаймыз десе, бұл жағдай назардан тыс қалмауы керек», – деді ол.
Темірова Қазақстанның азаматтық қоғам коалициясын Германияның көші-қон және босқындар істері жөніндегі федералдық басқармасына (BAMF) ресми үндеу жолдауға шақырды.
«Сіздердің дауыстарыңыз маңызды. Оның үстіне қылмыстық іс те тіркеліп қойды», – деп түйіндеді ол.