Монополияға қарсы орган "Fly Arystan" әуе тасымалдаушысы тарапынан үстем жағдайды теріс пайдалану белгілерін анықтады. Талдау барысында авиабилеттердің құны брондаудың әртүрлі кезеңдерінде автоматты түрде қосылатын жасырын қосымша ақылар есебінен өскені анықталды, деп хабарлайды Dalanews.kz ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агентігіне сілтеме жасай отырып.
"Авиатасымалдаушы әуе билеттерін сату кезінде транзакция үшін комиссия алу арқылы әуе билетінің құнын арттырған. Бұл "drip pricing" деп аталады, демек, "тамшылап баға өсірген". Негізінен еуропалық заңнамада бұған мүлдем тыйым салынған. Осы фактілерді біз анықтап, авиатасымалдаушыға қатысты монополияға қарсы заңнаманы бұзуды тоқтату туралы хабарлама жолдадық. Ол кейіннен орындалды", - деді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Төрағасы Марат Омаров БҚДА алқа отырысында.
Қазіргі уақытта агенттік ішкі авиатасымалдар нарығына қатысты монополияға қарсы талдау жүргізіп жатқаны да нақтыланады.
Бұған дейін баланы әуежайда жалғыз қалдырып кеткен Air Astana әуе компаниясы өтемақы төлегенін жазғанбыз. Сондай-ақ 2024 жылы күзде жолаушылар құқығын бұзған Fly Arystan әуе компаниясына 3,5 миллион теңге көлемінде айыппұл салынғаны белгілі.