Жолаушылар құқығын бұзғаны үшін FlyArystan әуе компаниясына жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Азаматтық авиация комитеті Алматы – Астана бағыты бойынша рейс кешіктірілген кезде жолаушыларға қажет қызметті ұсынбауына байланысты "FlyArystan" әуекомпаниясына шара қабылдады. Нақтырақ айтсақ, жолаушылар қонақүйге орналастырылмаған және оларды әуежайдан қонақ үйге дейін және кері қарай трансфер ұйымдастырылмаған. Әкімшілік кодекстің 567-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалып, авиакомпанияға 1 000 АЕК (3 692 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.
"ҚР КМ Азаматтық авиация комитеті рейстердің кешігуі кезінде қызметтерді тиісінше ұсыну бөлігінде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін отандық және шетелдік авиакомпанияларды жауапкершілікке тарту жөніндегі жұмысты жалғастыруда", – делінген комитет хабарламасында.
Авиакомпаниялар тарапынан бұзушылық фактілері анықталған жағдайда көзделген шаралар қолданылады.
Бұған дейін, Атырау-Алматы бағыты бойынша рейсті кешіктірген кезде тиісті қызмет көрсетпегені үшін осы жылдың 24 маусымында "SCAT" әуе компаниясы да әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1 000 АЕК (3 692 000 теңге) көлемінде айыппұл құрады.