Freedom Inside '26

Ерте шыққан қарбыз қаншалықты қауіпсіз: нитраттан қорқу керек пе?

Ерте шыққан қарбыз қаншалықты қауіпсіз: нитраттан қорқу керек пе?
ЖИ: Dalanews.kz

Қазақстан базарлары мен дүкен сөрелерінде алғашқы қарбыздар пайда бола бастады. Осыған байланысты көпшілікті «қазір алуға бола ма, әлде маусым қызғанша күткен дұрыс па?» деген сұрақ мазалайды. Тамақ қауіпсіздігі саласындағы сарапшы, Qazaq Expert Club мүшесі, қауымдастырылған профессор Лаура Аутелеева ерте шыққан қарбыздарға сақтықпен қарауға кеңес береді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қазақстанда қарбыз қашан табиғи түрде піседі?

Маманның айтуынша, Қазақстан жағдайында қарбыздың көпшілік сорттары табиғи жағдайда шілде айының соңына қарай піседі.

– Ертерек жиналған өнім көбіне қарқынды агротехнологиялар мен тыңайтқыштардың көп мөлшерін қолдану арқылы өсіріледі, – дейді сарапшы.

Нитраттардың ағзаға әсері қандай?

Лаура Аутелееваның сөзінше, нитраттардың өзі аса улы заттар қатарына жатпайды. Алайда ағзаға түскеннен кейін олардың бір бөлігі нитриттерге айналып, қанның оттегін тасымалдау қабілетіне әсер етуі мүмкін.

– Бұған әсіресе нәрестелер мен кішкентай балалар сезімтал келеді. Нитраттар мен нитриттердің шамадан тыс түсуі жүрек айну, құсу, іштің ауыруы, диарея, бас ауруы мен әлсіздік тудыруы мүмкін, – дейді ол.

Маман ауыр жағдайларда метгемоглобинемия дамуы ықтимал екенін айтады. Бұл – ағза тіндеріне оттегі жетіспейтін жағдай. Оның белгілеріне ерін мен терінің көгеруі, ентігу және ұйқышылдық жатады.

Қауіпсіз қарбызды қалай таңдау керек?

Сарапшы тәуекелдерді азайту үшін бірнеше қарапайым ережені сақтауға кеңес береді:

– қарбызды тек ресми сауда орындарынан сатып алу;
– өнімнің көлеңкеде тұрғанына және күн сәулесінен қорғалғанына назар аудару;
– жол жиегіндегі немесе бейберекет сауда орындарынан алмау;
– жарылған, кесілген немесе бүлінген қарбыздан бас тарту;
– сақтау жағдайын тексеру: өнім жерге емес, сөрелерге немесе тұғырларға қойылуы тиіс;
– мүмкіндігінше өнімнің қайдан әкелінгенін және құжаттарының бар-жоғын нақтылау.

Қарбыздың сыртқы түріне қарап нитратты анықтауға бола ма?

Маман қарбызды жегенге дейін міндетті түрде мұқият жууды ұсынады. Сондай-ақ ерте шыққан қарбызды қабығына дейін жеп қоюға болмайды.

– Қабыққа жақын ақ немесе ашық қызғылт бөлік топырақтан келген заттарды көбірек жинауы мүмкін, – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, кейбір белгілер сатып алушыларды күмәндандыруы мүмкін. Олардың қатарында күлгін реңкі бар тым қанық қызыл жұмсақ бөлік, ірі сарғыш немесе ақшыл талшықтар және кесілген жердің шамадан тыс жылтыр болуы бар.

– Бірақ мұндай белгілер нитрат мөлшерінің жоғары екенін дәлелдемейді, – деп атап өтті Аутелеева.

Қандай жағдайда қарбызды жемеген дұрыс?

Кесілген қарбыз міндетті түрде тоңазытқышта сақталуы керек. Егер жұмсақ бөлігі қышқыл иіс шығарып, шырыштанса немесе ыстықта ұзақ тұрған болса, оны тұтынбаған жөн. Маман қарбыз жегеннен кейін қатты жүрек айну, құсу, әлсіздік, бас айналу немесе тыныс алудың қиындауы байқалса, дереу медициналық көмекке жүгінуге кеңес береді.

– Ең бастысы, қарбыздың сыртқы көрінісіне қарап нитрат мөлшерін нақты анықтау мүмкін емес. Ол үшін зертханалық тексеріс немесе арнайы нитрат өлшегіш құрылғылар қажет. Сондықтан ең маңыздысы – өнімді сенімді орындардан сатып алып, сақтау және гигиена талаптарын сақтау, – деп түйіндеді сарапшы.