Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи ұшақта денсаулығы нашарлағаны туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz Ұлысмедиаға сілтеп.
Бұған дейін желіде бір жолаушының Алматыдан Пхукетке ұшып бара жатқан жолда жағдайы нашарлап кеткенін, борттағылар Алматыға қайтуды бір ойлап барып, қайтадан жолын жалғастырғанын, жолаушының жағдайы жақсарғаны жөнінде ақпарат тараған еді. Жазбада келеке еткен сипатпен “ол жолаушы Ермұрат Бапи екен, сайлаушыларымен кездесуге бара жатқан шығар” делінген.
Ulysmedia.kz порталы депутатпен байланысқа шықты. Бапи бортта қысымы түсіп кеткенін растады. Бір жақсысы, борттан бір дәрігер табылып, қысымды өлшеп, стюардессалар кофе берген. Алайда ұшақтың шұғыл түрде қонатыны жөнінде, штаттан тыс жағдайға себеп болар оқиға болмаған.
– Мен Таиландқа жоспарланған иглотерапияға бара жатқанмын. Уайымдамаңыздар. Бәрі жақсы, – дейді ол.
Былтыр наурызда Ермұрат Бапи ісініп, он бес күн ауруханаға жатып шыққанын хабарлаған еді. Ол жерде түгелдей анализ алып, қан, бауыр, бүйрек, гистология, биопсия, паразит, микробтарға дейін тексеріп, ештеңе таппаған. Кейін депутат Еуропаға барып, бір рет емделіп келген.