Еріктілер алғыс үшін ғана еңбек етеді

Dalanews 07 қар. 2022 17:08 926

Волонтерлік қызметтің ауқымы кең, соның ішінде өзара көмектің дәстүрлі түрлерін де қамтиды. Бүгінгі таңда еріктілердің жұмысы ашық көрініс тапқан, қызықты әрі қолжетімді сипатқа ие. Тек алғысқа қызмет етушілердің қатарында жастарға ғана емес, үлкен өмірлік тәжірибесі бар азаматтар да бар. Тіпті, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жастар жылының жабылу салтанатында сөйлеген сөзінде волонтерлік – жай ғана тегін жұмыс емес, бұл бүгінгі буынның жауапкершілігі мен әлемді жақсы жаққа өзгертуге дайындығының көрсеткіші екенін атап өткен.

Кез келген саладағы сияқты, волонтерларды да қорғауға кепілдік беретін заңнамалық реттеу шаралары қажет. Сондықтан 2016 жылы Қазақстанда «Волонтерлік қызмет туралы» Заң қабылданды.

Біздің елімізде еріктілер қоғамдастықтарының негізгі бағыттары әртүрлі, олар мұқтаж жандарға көмек көрсетуден бастап, алғашқы медициналық көмек көрсетуге дейін жалғаса береді.

Бір қызығы, қазіргі кезде көптеген адамдар өздері де түсінбей еріктілер қатарына қосылып жүр. Адамдар қандайда бір іс-шараларға қатыса қалса, мысалы, қайырымдылық іс-шараларын өткізсе, марафондарға тасалысып, қоғамдық жұмыс күндеріне көмектессе, оларды волонтерлік іс-шара ретінде танытқысы келеді.

Ал еліміздің бас қаласы – Астанада волонтерлік қызмет қалай дамып жатыр және «Астана жастары» КММ қандай жобаларды жүзеге асыруда? Бұл да көпшілікке қызық деп ойлаймыз. Мәселен, білетіндер алғашында елордада еріктілер қызмет соншалықты бір қалыпты ілгеріледі деуге келмейтінін айтады. Бұған әлгі коммуналдық мемлекеттік мекеменің еріктілер қозғалысын дамыту бөлімінің басшысы Эльвира Есмұханованың сөзі дәлел. Ол бастапқы кездері бұл бағытта жұмыс істеу өте қиын болғанын жеткізді. Өйткені, қоғамда волонтерлікке деген сенімсіздік жоғары болатын. Ата-аналар балаларына: «Осыған уақытыңды босқа жұмсап жүрсің, одан да жақсы оқы, білім ал» деп ақыл айтатын.

«Жеке және мемлекеттік кәсіпорындар еріктілер ісіне тек адам ресурстарын тегін және ешқандай жағдайсыз тарту мүмкіндігі ретінде қабылдады. Халықтың өзі еріктілерден сақтанып, көбісі бұл ешнәрсемен айналыспайтын адамдар және олардан пайда жоқ деген уәж айтты. Содан кейін біз мектептерде, колледждерде, тіпті көптеген отбасыларда еріктілердің бет-бейнесіне айналатын волонтер координаторлары болады деп шештік. Өйткені, нақты іс, пайдалы жұмыс қашанда қолдау табады», – дейді «Астана жастары» өкілі.

Жауапты маманның айтуынша, 2014 жылы елордадағы алғашқы волонтерлар командасы ерікті жасақтардың негізгі іс-әрекеттерін түсіндіре отырып, кәсіптік бағдар беру жобасы арқылы жинақталған. Содан кейін олар біртіндеп болашақ волонтерлармен іс-шаралар өткізе бастаған.

Бүгінгі таңда еріктілердің көптеген қызмет бағыттары бар, олардың қатарында сіз де өзіңізді сынап көре аласыз. Мысалы, жануарларға көмектесуге болады, қарттарды қолдауға да жәрдемдесе аласыз, науқастарды күтудің де жолдары бар, балалардың мәселелерін шешуге қол ұшын соза аласыз, сәулет ескерткіштерін қалпына келтіру, донорлық қызмет сынды көптеген бағыттарда кез келген жанға орын табылады. Тек ынта мен ниет болса, жеткілікті.

«Астана жастары» кейінгі буынның волонтерлік қызметін дамыту және насихаттау, жастар арасында волонтерлерді іріктеу және оқыту, еріктілер ұйымдары мен қозғалыстарына әкімшілік, ресурстық көмек көрсетумен айналысады.

«Астана жастары» волонтерлік қозғалысында еріктілердің орташа жасы 15-16 шамасын құрайды. Бұл нағыз уақытты мәнді де маңызды етуге, достар табуға, жаңа әсер алуға және қоршаған әлемге көмектесуге тырысатын кезең деп білеміз. Бірақ қалалық штаб жобасы еріктілерінің орташа жасы 30 және одан жоғары жастағы азаматтарды қамтиды. Бұл жоба халықтың жұмыспен қамтылған санатына негізделген», – деді Эльвира Есмұханова.

Волонтерлік мектеп – бұл әртүрлі қалалық және халықаралық іс-шараларға қатысу үшін еріктілерді оқытуға және әзірлеуге бағытталған жоба. Оның басты назары өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, патриоттыққа баулуға, адамгергішілікке шақыруға бағытталған. 2014 жылдан бастап бұл жоба екі кезеңде қызмет етіп келеді. Сондай-ақ бұл әртүрлі деңгейдегі іс-шараларды өткізуге еріктілерді дайындауға мүмкіндік береді.

Айта кету керек, бағдарламада алғашқы медициналық көмек көрсету, конфликтологияны зерттеу, қарым-қатынас деңгейін көтеру модульдері бар. 2019 жылдан бастап «Еріктілер мектебі» жобасында оқыту 3 бағыт бойынша жүргізілді: әлеуметтік волонтерлік, төтенше жағдайлар волонтерлері және халықаралық іс-шаралар еріктілері.

«Осы жобаның арқасында қатысушылар бос уақыттарын әртараптандыруға және жаңа достар табуға, университетке түсу үшін сертификаттар алуға, түйіндемелерін насихаттауға мүмкіндік алды», - деп атап өтті «Астана жастары» волонтерлік қозғалысын дамыту бөлімінің басшысы.

Еріктілердің ерен еңбектерінің арқасында өткен жылы астаналық 19 мыңнан астам отбасы (шамамен 104 тонна) азық-түлік өнімдерін, түрлі қажетті заттар, тұрмыстық техника түрінде көмектер алған. Әлі күнге меценаттар мен «Жақсылық көздері» қоғамдық қорының қатысуымен зағип және жалғызілікті мүгедек жандарға тұрақты негізде тегін түскі ас ұйымдастырылып тұрады. 2021 жылы ғана мұқтаж жандарға 9 мың тағам жеткізілген екен.

Президенттің бастамасымен қолға алынған 2020 жылғы Волонтер жылы аясында еріктілер ұйымдары мен қозғалыстарын біріктіруді ұйымдастыру, ақпараттық-ресурстық көмек көрсету, аймақтағы іс-шараларды есепке алу мақсатында ашылған Еріктілердің қалалық штабы елордада осы уақытқа дейін жұмыс істеп келеді. Бұл ұжым қалада еріктілердің күш біріктіруіне, тәуелсіз қозғалыстар санын көбеюіне ықпал етуде. Мемлекеттік жастар саясатын іске асыру саласында 15 волонтерлік ұйыммен және 20 бастамашыл топпен, 8 үкіметтік емес ұйыммен, қала кәсіпорындарымен, сонымен қатар меценаттарымен тұрақты негізде ынтымақтастық және бірлескен іс-шаралар жүргізілу үстінде. Штаб-пәтерде 500-ден астам белсенді еріктілер бар.

Қыстың көзі қырауда астаналық еріктілер жалғызілікті қариялардың, тұрмысы төмен отбасылардың, өзге де мұқтаж азаматтардың аулаларындағы қарды тазалауға көмектеседі. Мәселен, «Қамқорлық мекенжайлары» жобасы аясында жалғызбасты зейнеткерлердің 60 жеке ауласында қар тазалау шаралары қолға алынды.

«Астана жастары» КМК жыл сайын қаладағы волонтерлік аймақтарды кеңейтіп келеді. Мысалы, 2021 жылы «Қауіпсіз қала» жобасы аясында еріктілер тұрақты негізде халық санағы бойынша түсіндірме жұмыстарына қатысып, газдандыру барысы туралы, жылыту маусымы мен көктемгі су тасқыны кезіндегі қауіпсіздік шаралары жайында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Суға түсу маусымында тұрғындарға өзін-өзі сақтау ережелерін таныстырды, қаланың қоғамдық орындарында коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты қорғаныс шараларын насихаттады, тыйым салынған заттарды сату бағытындағы жарнамалық шараларға атсалысты. Ауыл шаруашылығы өнімдерін сататын қалалық жәрмеңкелерге де еріктілер тартылды.

«Мейірімділік марафоны» ұлттық жобасының жұмыстары аясында 2021 жылдан бастап түрлі мекемелер, кәсіпорындар, ерікті бастамашыл топтар қайырымдылық шараларын жүзеге асыруға қол ұшын созып жатыр. Өткен жылдың өзінде 100-ге жуық шаруа шешімін тапты. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табуда. Бүгінгі таңда елордадағы ҮЕҰ-ға қарасты 15 әлеуметтік дүкендер қоймасы күнделікті заттар, жиһаздар, құрал-жабдықтарды жинақтап, аз қамтылған отбасыларға таратып жатыр.

Әлеуметтік жобалардан басқа, волонтерлар қалалық және халықаралық іс-шараларға – форумдарға, концерттерге, спорттық ойындарға және басқа да көптеген салаларға – гид, аудармашы, ұйымдастырушы, үйлестіруші, топ жетекшілері, имидждік топтар, БАҚ-пен жұмыс, допингке қарсы бақылау ретінде қатысады. Адам ресурстарын басқару ағындары, үй иесі, фото және бейне түсіру, «жасыл дәліз», ақпараттық үстелдер, күзет, аниматорлар, эскорттар, белгілер және басқа қызметтерге көмектеседі.

Былтыр елордалық еріктілер халықаралық және республикалық деңгейде 30 іс-шараны ұйымдастыруға қатысты. Астананың кәсіпорындары мен еріктілер ұйымдары 50 қар тазалау акциясын ұйымдастырды. Сондай-ақ 110 мекенжайға 2 мыңнан астам еріктілер мен кәсіпорындардың қызметкерлері тартылды.

Елордалық еріктілердің қызметі мемлекет назарынан да тыс қалған емес. Мерекелік, атаулы даталарда, басқа да күндері волонтерлерға алғыс хаттар, жеке сипаттамалар, ұсыныс хаттар және сертификаттар үлестіріледі. Осылайша, «Астана жастары» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының 4 волонтеры пандемия кезінде көмек көрсеткені үшін «Халық алғысы» мемлекеттік медальдарымен, 1 ерікті «Құрмет граммасы» мемлекеттік наградасымен, 4 волонтерлік қозғалыс өкілі «Алтын жүректі жандар» наградаларымен марапатталды. «Жомарт жүрек» сыйлығы аясында 1 ұйым қалалық және республикалық «Жылдын үздік үйымы» атанды, 1 ұйым Астана қаласы бойынша «Жылдын үздік қамқоршысы» сыйлығын алды. 80-нен астам ерікті елорда әкімінің алғыс хаттарына, 30 ерікті аудан әкімдері мен басқа да мекеме басшылары қол қойған алғыс хаттарға ие болды. 1 ұйым халықаралық «Жыл волонтеры» сыйлығының «Із-түзсіз жоғалған адамдарды іздеу» номинациясы бойынша дипломын еншіледі.

Бүгінгі күні «Біз біргеміз», «Қауіпсіз қала», «Қамқорлық мекенжайлары», «Ардагерлерді ардақтайық», «Таза әлем» еріктілер ұйымдарымен бірлесіп 610 акция өткізілді. Сонымен қатар қайырымдылық шаралары аясында 6 700 азық-түлік себеті, 30 000 бетперде таратылды, ыстық тамақ беру, киім-кешек пен жиһаз тарату, оқыту, адамдарды іздеу және тағы басқа түрінде де еріктілер жұмысы жалғасып келеді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар