ERG тобына кіретін тағы бір компания Қазақстан қор биржасындағы өзінің қарапайым акцияларына делистинг жасайтынын мәлімдеді. Атап айтқанда, бұл - Қарағанды облысында марганец кенішін игеруші және марганец концентратын өндіруші "Марганец Жәйрем" компаниясы, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Делистинг ерікті түрде жасалуда. Жалғыз акционер бұл процедураны 2025 жылдың 2 маусымында мақұлдады. Оны өткізу мерзімдері әлі белгіленбеген", деп жазады Forbes басылымы.
Айта кетсек, "Марганец Жәйремнің" қарапайым акциялары KASE-де 2018 жылдың желтоқсанында листингтен өтіп, олар баламалы алаңның "Акциялар" секторындағы ресми тізімге енгізілді. 2020 жылдың қарашасында компания өздері жариялаған акцияларының басым бөлігін сол араға орналастырды - 487 975 дана (500 мыңнан). Біреуінің құны 10 мың теңге болып белгіленді, жалпы сомасы шамамен 4,9 млрд теңгені құрады. Акцияларды басым сатып алу құқығына ие жалғыз акционер сатып алды, ол сол кездегі "Қазмырышқа" тиесілі Жәйрем тау-кен байыту комбинаты болды.
2021 жылдың желтоқсанында "Марганец Жәйремнің" қожайыны өзгерді: Нидерландыда тіркелген KCR International B. V. компаниясы, алайда түпкі басқарушысы - ERG. 2024 жылдың қарашасында ERG "Марганец Жәйремнің" тікелей бас компаниясын Qci Metals And Mining B. V-мен алмастырды, ол да Амстердамда "тіркелген». 2025 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша, оған орналастырылған және жарияланған жай акциялардың жалпы көлемінің 100%-ы тиесілі (500 мың дана).
2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша, KASE деректеріне сәйкес, "Марганец Жәйремнің" меншікті капиталы минус 11,8 млрд теңгені құрады (2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, 893,4 млн теңге болған), таза пайда да минус 940,4 млн теңге болады, алайда 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, шығын екі еселенді: - 2,03 млрд теңге.
Бұдан бір апта бұрын ERG құрамына кіретін "Қазхром" трансұлттық компаниясы да KASE-дегі өз акцияларына делистинг жасайтыны белгілі болған. Компания бұл әрекетін өтімділіктің төмендігіне және бағалы қағаздарды орналастыру бойынша жаңа жоспарларының болмауымен байланысты екенін айтады.
"Қазхром" ТҰК" АҚ акциялары KASE қор биржасының ресми тізіміне енгізілген, алайда ұсыныстың болмауына байланысты биржада акцияларға сұраныс болмай жатыр. Металл нарығындағы бағалардың құбылмалылығын қамтитын қазіргі ғаламдық нарықтағы жағдайды және акцияларды жария орналастыру жоспарының болмауы, яғни өтімділіктің төмен деңгейін ескере отырып, ERG "Қазхром "ТҰК" АҚ акционерлерінің жалпы жиналысына қор биржасында ерікті делистинг жасау мәселе талқысын ұсыну туралы стратегиялық шешім қабылдады", - деп жауап берген ERG "Курсив" басылымы жолдаған сауалға.
Өткен аптаның соңында "Қазхром" мүдделі тұлғаларды 27 маусымда компания акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиналысы өткізілетінін хабардар еткен болатын.
1 сәуірдегі жағдай бойынша, "Қазхромның" қарапайым акцияларының 99,99%-ы Дубайда тіркелген KCR METALS FZCO-ға тиесілі, түпкілікті егесі Люксембургтегі бас компания - Eurasian Resources Group S. A. r.l. "Қазхром" хром және марганец кендерін өндірумен және сатумен, сондай-ақ ферроқорытпаларды өндірумен және сатумен айналысады. Топтың барлық активтері Қазақстанда орналасқан. 2025 жылдың І-тоқсанының қорытындысы бойынша, "Қазхром" 30,3 млрд теңге таза пайда тапты. Ал 2024 жылдың осыған ұқсас кезеңіндегі бұл көрсеткіш 61,4 млрд теңгені құрайды. Компанияның кірісі 220,26 млрд теңгеге дейін өсті, оның ішінде жоғары көміртекті феррохромды сатудан 175,7 млрд теңге (жоғары көміртекті феррохромды сатудан 159,89 млрд теңге) пайда түсті, 2024 жылдың І-тоқсанында бұл көрсеткіш 195,98 млрд теңге болған.
Eurasian Resources Group (ERG) үлестері мынандай: марқұм Әлижан Ибрагимовтың әйелі Мұқадасхан мен ұлдары Достан, Даврон, Шухрат және Фурхатқа 20,7%, 2025 жылы 22 наурызда қайтыс болған Александр Машкевичтің мұрагерлеріне 20,7%, Патох Шодиевке 18,6%, ҚР Үкіметіне 40% тиесілі.
ERG-ға "Қазхром", "Қазақстан алюминийі", ССКӨБ, Қазақстандық электролиз зауыты, "Еуроазиялық энергетикалық корпорация", "Шұбаркөл көмір", "ТрансКом" көлік тобы жәнебасқа да кәсіпорындар тиесілі.
Айта кетсек, ERG-дың мойнында 4 млрд доллар қарыз бар, оның үстіне компанияның соңғы екі жылда шығындары артуда. Шухрат Ибрагимов компанияның бақылау пакетін иелену үшін өзінің марқұм әкесі Әлижан Ибрагимовтың серіктестерінен ERG-дегі үлестерін сатып алмақ туралы ақпарат шетелдік БАҚ-та ақпарат жарияланған еді.